СҚО-да «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер бұзылып жатыр

Осылай деп арнамызға оңтүстіктен Чапаев ауылына көшіп келген тұрғындар хабарласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрттың айтуынша, баспаналардың қабырғасы жарылып, едені опырылып қалған.

– Чапаев ауылы Петропал қаласынан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан. Тас жолдың бойына қаз-қатар салынған мына бір тұрғын үйлер алыстан көз тартады. Бірақ сырты бүтін болғанмен, іші түтін болып шықты.

Мұрат Жүнісов Түркістан облысынан 2019 жылы көшіп келді. Содан бері көрген күні осы – қыс сайын үйі суып, қабырғаларын дымқыл тартады. Жаға-жаға 4 тонна көмірі де таусылған.

Мұрат Жүнісов, Чапаев ауылының тұрғыны:

– Бұл үйге көңілім толмайды. Бірақ тұрып, осы жерде өмір сүруге болады. Үй мұздай. Бала-шағам киіммен жатады.

Жанат Жексенбаевтің үйі Алдар көсенің шапанындай шұрық-тесік. Қабырғалары қаусап, едені опырылып түскен. Бірақ құрылысшылар бұл жарықтардың жарасы жеңіл деп кетіпті. 

Жанат Жексенбаев, Чапаев ауылының тұрғыны:

– Міне, асты-үсті жарылып кеткен. Шымылдығымыз қозғалады. Құрылысшылар жаздың күні қайтадан жабылады дейді.

Қызылордадан қоныс аударған Бибісара Құттыбаеваның да жағдайы осы. Соңғы 40 градустық аяздарда пеші жарылып, екі күн бүрсең қағып отырған. Әйтеуір, көршілері көмектесіп жөндеп алды. Темір есігін де өз ақшасына ауыстырған. Енді өкінеді.

Бибісара Құттыбаева, Чапаев ауылының тұрғыны:

– Келгенімізге өкінеміз. Балалар үшін келгенбіз. Біздің ол жақта жағдайымыз мұндай болмаған.

Чапаев ауылында «Еңбек» бағдарламасы бойынша 12 үй салынды. Оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың өкпесі қара қазандай. Жұмыс та жоқ дейді көбі.

Динара Сейітова, Чапаев ауылының тұрғыны:

– Жұмыс жоқ. Күйеуіме де жоқ. Күйеуім Астанаға тентіреп кетті. Мен өзім баламен, пеш жағып отырамын.

Шенеуніктер бәрін біледі. Олар жағдайды былай түсіндіріп отыр: бағдарлама бойынша үйлер дайын күйінде ғана сатып алынады. Сондықтан құрылысқа араласа алмаймыз дейді.

Қайсар Әмірин, Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Мердігер салған кезде онда Үкімет тарапынан технологиялық бақылау болады. Ол үстінен қарап отырады. Одан басқа бізде құрылыс инспекциясы деген бар. Құрылыс инспекциясына жүгінуімізге болады. Ол кезде жан-жақты бақылауда салынады. Сондықтан оның сапасына да қарайды. Құрылыстық шешіміне де қарайды. Ол кезде мүмкіншіліктер көп болады.

Әзірге тұрғындарға шыдай тұруға тура келеді. Құрылысшылар бәрін күн жылыған соң, яғни жазға қарай жөндеп береміз депті.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев