Қостанайлық диірменшілер бидай ұнын биржалық сауда тізіміне енгізуге қарсы

Сауда және интеграция министрлігінің бұл шешімі ұн экспортын тұралатуы мүмкін дейді кәсіпкерлер.

Орта Азия елдерінде астық өңдеу ерекше қарқын алған тұста отандық өндірушілерге бәсекеге түсу қиынға соқпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің бір мақтанышымыз – ұн өндірісі. Соңғы он шақты жылдан бері жан басына шаққандағы ұн экспорнының көлемі жағынан әлемде көш бастап тұрмыз. Бірақ осы тұғырымыздан тайқып, жетістігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Себебі ұн экспорт соңғы үш жылда екі есеге кеміген. Есесіне шикізат зат есебіндегі астықтың сыртқа сатылымы осыншама артқан.

2020 жылдың 11 айында экспортталған бидайдың басым бөлігі нақты айтсақ, 54 проценті Өзбекстанға жіберілген. Тәжікстанда соңғы жылдары ұннан гөрі Қазақстанның астығына құмар. Ал енді ұн экспортына көз салыңыз, негізгі тұтынушы – Ауғанстан, 65 процент. Одан кейін Өзбекстан. Қалғандарының үлесі 10 процентке де жетпейді.

Осы деректен-ақ Орта Азия елдері астықты өздерінде өңдеуге ерекше ден қойғандығын байқайсың.  

Анзор Акбиев, диірмен кешенінің директоры:

– Соңғы бірнеше жылдың ішінде Өзбекстанда 100-ден астам жоғары қуатты диірмен кешендері ашылды. Олар шикізат түрінде біздің астықты сатып алады да, өздерінде ұн тартады. Орта Азияның басқа елдері осы саланы қарқынды дамытып жатыр. Оларға көптеген салық, тасымал жеңілдіктері қарастырылған. Сондықтан бәсекеге түсу бізге қиын.

Бұл қарқынмен ала шапанды ағайындар Ауғанстан нарығын жаулап алатын түрі бар. Оған Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі де мүдделік танытып отырғандай дейді кәсіпкерлер. Жақында осы министрлік ұсынысымен бидай ұны биржалық тауарлар тізіміне енгізілді. Яғни отандық өндірушілер енді ұнды биржа арқылы сатуға міндетті. Ал электронды саудаға негізгі тұтынушымыз Ауғанстан дайын ба, жоқ па, оған ешкім бас қатырмағанға ұқсайды.

Гран Ака Халилулла, астық өңдейтін кәсіпорын басшысы:

– Бұл қате шешім. Еуразиялық экономикалық комиссияның биржалық тауарлар тізбесіне ұн енгізілмеген. Сондықтан бекітілген тәртіпке қайшы келеді. Одан қалды сауданың мұндай түріне тұтынушыларымыз техникалық, технологиялық жағынан да дайын емес. Енді олардың бәрі бізден бас тартып, Өзбекстанға бет бұра ма деп ойлаймын. 

Қазір Қазақстанда 270-ге жуық астық өңдейтін кәсіпорын бар. Олардың бәрі екіұдай күйде. Бұлай кете берсе, өз астығымыздан Өзбекстан ұнын тұтынатын жағдайға жетуіміз бек мүмкін дейді. Сондықтан кәсіпкерлер мемлекетттен қолдау күтеді.

Геннадий Кукоба, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Жағдай ушығып барады. Биржалық тауарлар тізіміне ұнның енгізілуі әлемдік тәжірибеде жоқ. Біз соның бәрін дәлелдеп, министрлікке үндеу жолдадық. Қазір Ұлттық Палата экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Бұл талаптың қалай да күшін жоюға тырысамыз.

Қостанайлық ұн өндірушілер сондай-ақ жергілікті диірмендерге астық тапсыратындарға субсидия бөлу мәселесін көтеріп отыр. Ондағы мақсат – тауарлы бидайды сыртқа сатпай өзімізде қалдыруға ынталандыру. Сонымен қатар қазақстандық өнім экспортына қасақана тежеу жасайтын елдерге соған сәйкес шаралар қолдануды сұрайды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг