Қарағандыда көлік ұрлығы тыйылмай тұр

Заңсыз іске дәніккендер қатарында 5-6 көлікті қолды еткен айлакерлер тобы да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктілердің бірі полицейлер құрығына түсті.

Көлік ұрлығы бойынша іс жүргізген жедел уәкілдер ескі көліктердің көбін бөлшектеп сататын 6 мекенжайдан тапқан. Ал қолға түскен күдіктілер осыған дейін де дәл осындай қылмысы үшін жазасын өтеп шыққандар екен.

Осыдан бірер күн бұрын Марат Көпжасаровтың жұмыстан келіп, аулаға қойған көлігі ұшты-қилы жоқ болып кеткен. Ол ұрылардың не себепті арзандау көлікке қызыққанын түсіне алмай дал.

Марат Көпжасаров, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Көлік Ресей тіркеуінде. Полиция екі күннен кейін хабарласып, көлік табылғанын айтты. Жұмыс барысымен маған көлік аса қажет. Шамамен 800 мың теңгеге сатып алған едім. Оның үстіне жарты ақшасын әлі берген жоқпын. Бұл бір шетелдік қымбат көлік емес, ұрлайды деген ойымда болған жоқ. Қайтқан малдың берекесі бар деп қуанып тұрмын.   

Бүгінде Қарағанды қаласы бойынша көлік ұрылары деген криминалдық тізімде 65 адам тұр. Олардың бірі арзанқол көліктерді қолды етудің шебері болса, енді бірі қымбат көліктерге көз салушылар.

Шахназар Салин, қалалық ПБ басшысының орынбасары:

– Күдікті адам қазір қамауда, тергеу шаралары өтіп жатыр. Қазір 4 көлік пен айғақ заттар алдық. Бөлшектерін сатады, утилизацияға жібереді, құжат керек, ұялы телефонымен таныс арқылы өткізеді.

Қарағанды қаласында 2021 жылдың небәрі бір айында көлік ұрлау бойынша 9 қылмыстық іс тіркелген. Оның 4-і бұл кәсіпке әбден машықтанып, жүйелі түрде қылмыс жасап жүргендер. Қазір екі іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, сотқа жолданыпты. Олар 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Ұрылардың тырнақша ішіндегі таланты дейміз ба, әйтеуір тіс қаққан полицейлерді де таңқалдырыпты. Қылмыстық схема мына қағазда жазылған. Олардың бірі гаражда тұрған қозғалтқышы, яғни моторы жоқ «Волга» көлігін өз көлігіне тіркеп алып, сүйретіп отырып металға тапсырып жіберген. Осы ісінің салдарынан ол араға бірер күн салып қолға түсіпті.

Дәуренбек Бағдаулетұлы