Алматы облысындағы Кіші Дихан ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория қажет

Өйткені 1936 жылы салынған ғимараттың бүгінде әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Едені сықырлап, терезелерінен жел соғып тұрады. Екі жарым мың адамға қызмет көрсететін мекеменің бөлмелері жеке пешпен жылытылып отыр. Аталған нысанның соңғы рет қашан жөнделгенін көнекөз қариялар да көрмеген.

Тоқсанды алқымдаған Бибінұр Дәнекерова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Ол осы мекеменің перзентханасында табан аудармастан қырық жылдай қызмет етіпті. Кейуананың айтуынша, бұл үйлер әскери нысан ретінде салынған екен. Бірнеше жыл пайдаланылғаннан кейін ауруханаға берілген.

Бибінұр Дәнекерова, Кіші Дихан ауылының тұрғыны:

- Перзентхана болды, аурухана болды, балалар ауруханасы болды. Күнді күн, түнді түн, айды ай демей жылап-еңіреп жүріп, ол кезде жарық қайда, осы жерде түбін түсіріп істеген апаң ғой. Жақсы бір ғимарат салынбады. Сол көнесімен кете барды.

Тоқсаныншы жылдардағы оңтайландырудан кейін аурухананың бірнеше бөлімі қысқатылып, дәрігерлік амбулаторияға айналған. Соған сәйкес, мекемеге тиесілі төрт нысанның тек екеуі ғана пайдаланылып отыр.

Елфат Ярмұхамедов, Кіші Дихан ауылдық амбулаториясының меңгерушісі:

- Қазір қызмет көрсететін қысқа байланысты бір-ақ ғимарат. Екінші ғимарат та қызмет көрсетеді, бірақ жазда ғана. Күндізгі стационарда дәрілер жағынан еш проблема жоқ. Тек  жататын жері қиындау. Ғимарат көне болғандықтан, бөлмелер жетіспейді.

Райгүл Жолдасова, Кіші Дихан ауылының тұрғыны:

- Өте қиын, дәрігерлеріміздің бәрі жақсы. Жастар мамандар жақсы. Мамандарға жағдай жоқ. Тар жерде укол аламыз. Адам көп болып кетеді. Әлі күнге дейін от жағады. Кейбір кезде күндізгі стационарға жатқызады дағ төсек жетпейді. Екі ақ төсек бар.

Үлкен Дихан ауылындағы дәрігерлік амбулатория да ескірген. Өткен бес жылда аудандағы тозығы жеткен осындай бес нысан бұзылып, жаңасы салыныпты. Тағы екеуі күрделі жөндеуден өткізілген. Қазір аймақтағы 25 медицина мекемесінің тең жартысы жаңартуды қажет етіп тұр.

Майра Бөкеева, аудандық орталық аурухана директорының орынбасары:

- Бұйырса, 2021 жылы орталық аурухананың барлық бөлімін күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға қойып отырмыз. 2023-2024 жылға көбіне медициналық пункттер бар, соларды қойып отырмыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Үлкен Диханды 27 жылға қойып отырмыз. Ал, Кіші Дихан 25 жаңа құрылымды жоспарға қойып отырмыз.

4 жылдан кейін Кіші Дихандағы дәрігерлік амбулаторияның салынғанына 90 жыл толады. Күйі кеткен ғимарат сол кезде сүріліп, орнына жаңасы салынбақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев