Бектөбе ауылының тұрғындары әкімнің қызметтен кетуін талап етті

Жамбыл облысы Бектөбе ауылының тұрғындары ауылдық округ әкімінің жұмысын «нөл» деп бағалап, қызметтен кетуін талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт «ауыл әкімі 6 жылдан астам уақытта ештеңе тындырмады» деп наразы. Керісінше, жер телімдерін заңсыз сатып, білгенін істеп жатқанын айтып, дабыл қақты.

Тұрғындар «осындай әкімдердің кесірінен облыс орталығының іргесінде тұрсақ та, өркениеттен жұрдаймыз» дейді. Ауылда ауыз су, жол, жер кезегі сияқты қордаланған проблема көп. Мұны жергілікті халық әкімнің есебінде жайып салды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бектөбедегі өзекті проблема – ауыз су. Тараз қаласымен арасын бір ғана көше бөліп тұрған ауылда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Бес мыңға жуық тұрғыны бар ауыл әлі күнге дейін суды құдықтан тартып ішіп отыр.

Әлішер Абдуллин, Бектөбе ауылының тұрғыны:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, елдің бәрі осындай качалкамен су ішеді. Қыстың күні қатып қалса, астына балон жағамыз. Әурешілік. Жылда айтылады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатады. Бұл не деген бітпейтін жобалық-сметалық құжаттама? Келеді әкімдеріміз. Отырады. Айтады-айтады кетеді. Ешқандай проблема қолға алынып жатқан жоқ.

Ауылдағы нөмірі бірінші проблема – жер мәселесі. Жергілікті тұрғындар бір жапырақ жерге қол жеткізе алмай отыр. Елді мекен қалаға тиіп тұрғандықтан, мұнда жерге сұраныс аса жоғары. Ауылдық ағайын «жер заңсыз сатылып талан-таражға түсіп жатыр» деп дабыл қағып жатыр. Жұрт бұған қазіргі әкімнің тікелей қатысы бар деп санайды.

Қарасай Кәрімов, ауыл тұрғыны:

- Күткенімізге 20 жыл болды. Одан бері жиырмадағы бала қазір 40-қа келді. Үйленген жоқ. Бір үйде 7-8 адамнан тығылысып отыр. Осының бәрі осының кесірінен. Әйтпесе, соны осы уақытқа дейін жер алып, бала-шағаны бөлек отырғызып, жағдай жасаған болар едік.

Заңға сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін тиісті инженерлік-инфрақұрылым тартылмай, жер телімдері берілмейді. Алайда бұл заңның Бектөбе ауылына қатысы жоқ сыңайлы. Тұрғындар әкімдіктегілер жерді оңды-солды сату үшін заңның осал тұсын тауып алған деп отыр. «Оны нақты аукцион арқылы жүзеге асырады», - дейді олар. Ал аукционның қашан, қай кезде өтіп жатқандығынан халық бейхабар. Бұған дейін 100 жер телімі осындай жолмен сатылып кеткен көрінеді. Ауыл азаматтарының айтуынша, оның ішінде бірде-бір тұрғылықты ауыл азаматы жоқ.

Затулла Райымбердиев, ауыл тұрғыны:

- Қандай аукцион болуы мүмкін үш мың адам мына жерде кезекте тұрғанда? Айтыңызшы? Соған жауап беріңізші? Үш мың адам кезекте тұр. Аукционда айдаладағы біреулер ұтып алып жатыр. Әкім есебінде «мен пәлен жерді бердімғ осы ауылдың кембағал, баласы жоқ адамға бердім» деп айтты ма? Еш уақытта айтпайды. Өйткені ол жердің бәрі сатылды.

Аудан әкімінің қатысуымен өтетін есеп беру жиынына Қаратөбе ауылдық округінің әкімі мүлдем келмей қойды. Әкім науқастанып қалған көрінеді. Мәселені айта-айта жұрттың шыдамы шегіне жеткен. Жергілікті билікке жағдайларын айтып, ештеңе өндіре алмаған тұрғындар аудан әкімінің есебінде айқайға басты.

Әлішер Абдуллин, ауыл тұрғыны:

- Әкімнің өткен жылғы есебін бүкіл халық осы жерде «нөл» деп шығарды. Мүлдем жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірде-бір ауылдың проблемасын шешіп жатқан жоқ.

Қазір бір ғана Қаратөбе ауылдық округінде 2866 адам жер кезегіне тіркелген. Жұрт 20 жылдан бері кезегіміз жылжымай қойды деп қынжылады. Бұл проблеманы округтің ғана емес, аудан әкімі де білетін болып шықты.

Сәкен Арубаев, Жамбыл ауданының әкімі:

- Бұл біраз уақыттан бері кезектілікпен жер берілмегендігі рас. Соның салдарынан туындаған қордаланаған мәселе. Бұл мәселені шешу үшін енді оған мына аэропорттың жанында болғаннан кейін мына жердің мәселесі келісім ала алмай отырмыз. Тағы да бас жоспарды қарап, зерделеп жер учаскелерін беруге мүмкіндік болатындай жағдай болса, берілетін тиісті құжаттарын дайындап, әзірлейтін боламыз.

Бұдан бөлек, Бектөбеде жайылым, суармалы су, электр желісі сияқты қордаланған мәселе шаш етектен. Ауылдық тұрғындар мән-жайға үңіліп, проблеманы жүйелі шешетін әкім тағайындауды талап етіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә