Ішкі істер министрлігінде «102» мобильдік қосымшасы таныстырылды

Таяуда іске қосылған «102» мобильдік қосымшасы бүгін Ішкі істер министрлігінде ресми түрде таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вице-министр Сәкен Сәрсенов бағдарламаның жұмыс істеу жүйесін көрсетті. Қосымша арқылы азаматтардың өтініші мен шағымдарын қабылдау және полициялардың шұғыл әрекет ету қызметі түсіндірілді. Министрлік ұсынған цифрлық жоба бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Айта кеткен жөн, мобильдік қосымшамен қатар Facebook және Telegram-дағы чат-бот арқылы жаппай хабарлама беру жүйесі де қарастырылған.

Сәкен Сәрсенов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Мысалы «102-ге» қоңырау шалған кезде біздің қызметкерлер: «Сіздің аты-жөніңіз, қай жердесіз, адресіңіз қандай?» деп бәрін сұрайтын. Оған уақыт кететін. Қазір осы жүйе арқылы мысалы видео және аудиоқоңырау шалған кезде Сіз бұрыннан бұл жүйеге тіркеліп қойғансыз, атыңыз шығады, телефон нөмеріңіз және қай жерден звондап жатқаныңызды қызметкерлер автоматты түрде көреді. Және жедел түрде біздің полиция экипажын және қасында біздің жаяу жүрген наряд болса, сол нарядты Сізге тез жібереді.