Депутат: Мемлекеттік тілді білу – ортақ міндет

Мемлекеттік тілді білу – ортақ міндет.

Үкімет пен министрлік қызметшілерінен мұны қатаң түрде талап ету керек. Бүгін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса палата отырысында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, сыртқы істер саласының мамандары шет тілін ғана емес, мемлекеттік тілді де жетік білгені жөн. Сол себепті депутат мемлекеттік қызметшілер, сот және құқық қорғау органдары мен қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүргендерге бірыңғай стандарт енгізуді ұсынып отыр. «Саладағы құжат айналымын да толық қазақша жүргізген дұрыс», - дейді мәжілісмен.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қоғамның барлық саласында қазақ тілін қолдануды талап ететін уақыт келді. Қазір халқымыз 19 миллионға, қазақ ұлты 78 процентке жетіп қалды. Ал сол халыққа қызмет көрсететіндердің мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етуде. Тәуелсіз қазақ елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз бен ауылдағы миллиондаған қара көздеріміз жапа шегумен келеді.