Елде коронавирус жұқтырғандар саны артты

Екпе ектірген азаматтың бойында коронавирусқа қарсы иммунитет екі жылға дейін сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер мәлімдеді. Ерлан Қиясов сондай-ақ дертке шалыдыққандар қатарының азаймай отырғандығын да жеткізді.

Қазақстан коронавирус инфекциясының таралу деңгейіне байланысты әзірге «сары аймақта» тұр. Елдің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, вирусты жұқтыру дерегі өткен жылдың қараша айынан бастап көбейіп келеді. Мәселен, желтоқсанда ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткендер 1,2 процентке өскен. Ал қаңтарда желтоқсандағы көрсеткіш тағы 1,4 процентке көбейген.

Осыған байланысты Ерлан Қиясов жаппай вакцина салдырудың маңызды екеніне тоқталып, ресейлік «Спутник V»-дің тиімділігі жоғары екенін мәлімдеді.  

Ерлан Қиясов, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Кеше әлемдегі беделді медициналық журналдардың бірі Лансет «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 91,6 процент деп мәлімдеді. Сондай-ақ екпеден кейін иммунитет кем дегенде 2 жыл сақталатыны дәлелденді. Тағы бір маңызды жайт – бұл вакцина коронавирустың британдық және оңтүстік африкалық штамдарына қарсы тиімділігін көрсетті. Екпені әзірлеушілер ол коронавирустың ауыр және орташа түрлерінен 100 процент қорғайтынын айтады.      

Ресми дерек бойынша елімізде соңғы бір тәулікте 1228 адам вирус жұқтырған. Тағы 107 адамның ПТР сынамасы теріс нәтиже көрсетсе де олардың коронавируспен ауыратыны анықталған. Жалпы елде барлығы 190-нан астам коронаврус жұқтыру дерегі тіркелген. Оның 171-ы жазылып шыққан.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Сырқаттанушылықтың айтарлықтай өсімі Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында байқалады. 3 ақпандағы жағдай бойынша КВИ оң нәтижесімен 190 359 науқас және КВИ теріс 48005 жағдай, оның ішінде 10840 бала КВИ «оң» нәтижесімен тіркелді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында көптеген пікірталасқа себеп болған «қазақстандықтарды түске бөлу» мәселесі де айтылды. Электрондық денсаулық сақтау департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев бұл пилоттық жобаның әзірге екі қалаға енгізілгенін айтты. 

Бейбіт Есенбаев, ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтау департаментінің директоры:

– «Ашық» мобильді қосымшасы Денсаулық сақтау және цифрландыру министрліктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жасалды. Бұл бастамаға бизнес өкілдері түрткі болды. Эпидемиологиялық аухалға байланысты жабылған бизнес нысандары өз жұмысын жалғастырғысы келеді. Осыған байланысты пилоттық жоба Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына енгізілді. Мәселен, бір азамат бір нысанға барғысы келді делік. Егер Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай базасында оның коронавирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені туралы ақпарат болса, онда бұл азамат нысанға кіргізілмейді.           

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері әлеуметтік желіде вакцинаға қатысты жалған ақпараттың көптеп тарап жатқанын атап өтті. Осы орайда олар қазақстандықтарды тек ресми дерек көздеріне ғана сенуге шақырды. 

Автор: Нұршапағат Несіпбаев

Сондай-ақ...