Дәрігерлер: «Спутник V» вакцинасының кері әсері байқалмады

Елордалық медицина қызметкерлері де коронавирусқа қарсы екпе салдырғалы үшінші күн.

№6 қалалық емханада тіркелген 70-ке жуық маман «Спутник V» вакцинасын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлзабира Балабай коронавируспен күресте күш салып жүрген жандардың бірі. Ол №6 емханадағы учаскелік мейірбикесі. Күн сайын халықпен етене жұмыс істейтін маманның жауапкершілігі зор. Сондықтан қауіпті вирусқа қарсы вакцина салдыруға, ойланбастан келісім берген. Енді екінші дозаны үш аптадан кейін алады.  

Гүлзабира Балабай, учаскелік мейірбике:

– Әріптестерімнің барлығы алып жатыр. Олардан ешқандай жағымсыз әсерлер болып жатқан жоқ. Мен тәуекел тобында жүргендіктен, көп пациентпен жұмыс жасайтын болғандықтан, алдымызда ауыратындар да болады, ауырмайтындар да болады, сондықтан өзім алуға келісімімді бердім.

Елордада 5 вакциналау орны бар. Соның бірі №6 емханада орналасқан. Бүгінге дейін мұнда тіркелген 70-ке жуық медициналық қызметкер екпе салдырды.

Қанат Мойнақов, №6 емхананың Инфекциялық бақылау қызметінің басшысы:

Осы жерге 450 доза бөлініп отыр. Бізден басқа тағы да 5 медициналық ұйым бізге тіркелген. Солардың да қызметкерлері бізге келіп, бірінші күннен бастап салып жатыр. Кейбіреулері ойланады, кейбіреулері содан кейін келеді. Бірден көп адам жоқ. Бірақ әлі келіп жатыр.

Қанат Мойнақов та «Спутник V» вакцинасын салдырған. «Қазіргі жағдайым жақсы» дейді. Екпенің жағымсыз әсері алғашқы жарты сағат пен үш күн аралығында айқын байқалады. Бас ауруы, дене қызуының көтерілуі жиілесе, науқастарға симптомды ем қолданылады. Вакцинаның кері әсері байқалған жағдайда науқас бірден бақылауға алынуы тиіс. Бұл – талап. Әзірге мұндай шағыммен келгендер тіркелмепті. Ресейлік ғалым Денис Логуновтың айтуынша, аталған вакцинаны Қазақстанда өндіруге еш кедергі жоқ.

Денис Логунов, Н.Гамалея атындағы орталықтың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары:

– Екі елде өндірілген вакцинаның айырмашылығы көп емес. Негізі коронавирусқа қарсы антиденелердің түзілуі қиын. Сондықтан, иммундық жауаптың қалыптасуында ауытқулар болуы мүмкін. Бірақ вакцина Қазақстанға сәтті тасымалданды. Тиісті жабдықтар да дер кезінде дайындалған.

Ғалым «Спутник V»-дің тиімділігі 91 процентті көрсеткенін айтады. Елордада коронавирусқа қарсы вакцина алуға 6 300 медициналық қызметкер өтініш беріпті. Барлығы да індеттен құтылудың бірден бір жолы осы дейді.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров