Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілері тағы да жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының салдарынан қала аумағында қатынайтын 22 бағытта автобус жүрмей, түске дейін тоқтап тұрды.

Бұл уақытта автобус паркінің жүргізушілері мен кондукторлары айлық жалақысының төмен екендігін айтып шағымданды. Олар өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап етті. Ал таңертең жұмысқа асыққан жолаушылар қоғамдық көлікті сағаттап күтіп, барар жерлеріне кешікті.

Таңертең мына автопарктің жұмысы қоғамдық көліктердің жолға дайындығын тексеруден емес, жүргізушілердің ереуілімен басталды. 22 бағыт бойынша жүретін 300-дей автобус жүргізушілері бірден жұмысқа шығудан бас тартты. Жүргізушілер мен кондукторлар маңдай тер еңбек ақыларының аздығына наразы. Әрі автобус паркіне күн сайын тапсыратын жоспарлы ақшаны алып тастасын деп талап қойды.

Болатбек Құдайқұлов, автобус паркінің жүргізушісі:

– Қолға 120 мың аламыз. Біздің айлығымызды көтерсін. Астана, Алматы сияқты бірқалыпты болуы керек.

Нұртай Қыдырбаев, автобус паркінің кондукторы:

Мысалы айлық жоқ бізде. Ілінген жоқпыз. 2000 теңге аламыз сонымен қайтамыз. Таксиге кетеді болды. Не жұмыс істейміз сонда? Айлыққа іліндірсін. 150 мың қылсын. Таза 120 мың картаға түсіп тұрса, шағым айтпаймыз.

Жүргізушілер жұмыстың қиындап кеткеніне наразы. Әрбір қателік үшін ақшаларының да себепсіз кесіліп жатқанын айтады. Бұл автопарк естеріңізде болса, 2019 жылдың маусымында ашылған болатын. Содан бері мұндағы жұмысшылар бірнеше рет айлық мәселесін көтерген еді.

Әбілқайыр Алқабаев, автобус паркінің жүргізушісі:

– Қазір іште бригадирлерді шақырып, жүргізушілердің айлығын 200 мың, кассирлердің айлығын 100 мың қылыпты. Ол біздің көңілімізден шықпайды. Мен 50 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Бала-шағам бар, балабақшасы бар, олардың тамағы бар. Соны түсінер басшы болса. Сол 300 мың бізге, 150 мың кассирге берсе, басқа талап жоқ.

Ереуілге шыққандардың мәселесі мен мән-жайын білмек болып осы араға қала әкімі Мұрат Әйтеновте ат басын бұрды. Шаһар басшысы жүргізушілерді сабырға шақырып, кешке дейін халыққа қызмет көрсетіп келіңіздер. Кешке барлық мәселе шешімін табады деп уәде берді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– «Shymkent bus»-тың иеісі мен сіздердің қарым-қатынастарыңызға халық кінәлі емес. Біреудің анасы, біреудің әкесі емханаға бара алмай жатқан шығар, мысалы жұмысқа. Барып қызметтеріңізді атқарып келіңіздер. Мен осы жерде күтемін де бар мәселені осы жерде сөйлесеміз. Келістік пе?

Қала басшысы мен келіскендер көліктеріне мініп тиісті бағытына қарай жолға шықты. Ал осы уақытта шаһардағы аялдамаларда қоғамдық көлікті күткендердің қарасы көбейді. Асыққандар такси қызметіне жүгініп кетіп жатты.

Ал жолаушылар көлігіне жауапты басқарманың сөзіне сенсек, мұнда жүргізушілер күн сайын қолма-қол қалтаға басатын ақшадан айырылып қалудан қорқып осылай шу шығаруда дейді.  

Мұхтар Қоқанбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Электрондық төлем жүйесі енгізілгеннен кейін ресми түрде «егер де төлем жүйесі істемей тұрса, сіз тегін жүре аласыздар» деген айтылды. Осыған орай көп жолаушылар ақыларын төлемей кетіп жатқан жағдайлар болды. Міне, осыдан жүргізушілер мен сол автобустағы кондуктор екеуінің бірлесіп жұмыс атқаратындықтан, сол екеуі айтылған көлеңкелі экономикадан қалталарына түсетін табыстан айырылып қалған жағдайлары болды. Кондукторға 100 мың теңге, жүргізушіге 200 мың теңге айлық қойылғаннан кейін сіздер толық көлеңкедегі ақшаны толық бересіздер компанияның кірісіне деп айтылды. Ол кісілер соған келісті.

Тасымалдаушы компания мен жүргізушілер арасындағы мәселеге бүгін кешкісін нүкте қойылмақ. Қазір жұмыс беруші жүргізуші мен кондуктордың талаптарын қарастыруда.

Авторлар: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов