Қарағандыда жылу ақысы қайта есептеледі

Қаңтардың сақылдаған сары аязында қалаға мардымсыз жылу беріп, жұртты жауратқан монополист компания айыппұл төлейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басында тұрғындардың дені пәтерлерінің суық екенін айтып шағымданған болатын. Соның негізінде табиғи монополияларды реттеу департаменті тексеріс жүргізіп, 4 миллион 667 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Яғни, жауапты компания жылуды жеткілікті деңгейде өндірмеген. Жылу энергия орталығынан шығатын температураны қатарынан 10 күн бойы бақылаған мамандар оның бекітілген мөлшерден төмен екенін анықтады. Енді жылу ақысы қайта есептелуге тиіс.    

Жанель Мұсақанова, Табиғи монополияларды реттеу департаменті бөлім басшысының м.а.:

Жылу ақысын қайта есептеу жұмыстары заңға сәйкес жылу маусымы аяқталған соң ғана жүргізіледі. Кімге қанша ақша қайтарылатыны тек сол кезде белгілі болады. Яғни, алдағы күзде түбіртек келген кезде қанша сома артық төлегеніңізді көре аласыз.