Қандастардың неге құжаты жоқ

Алматы облысы ІІД көші-қон басқармасының мәліметі бойынша аймақта 1180 адам азаматтық ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Абдулсаттар әулеті. 2007 жылы Ауғанстаннан ата-жұртын аңсап келген отбасы қазір азаматтық ала алмай қиындық көріп отырған жәйі бар.

Ата-жұртым деп асыға жеткен қандастарымыздың қазіргі аһуалы арқамызға аяздай батты. Олар тұрып жатқан қуықтай ғана екі бөлмелі жер үйден ызғар сезіледі. Ал үйдегі балалар есіктен кіргендерге жаутаңдай қарап, жылулық күтеді. Абдулсаттар отбасы 2007 жылы Ауғанстаннан елімізге оралған. Екі қыз, екі ұлы бар. Отағасы 2009 жылы азаматтық алып, енді бала-шағасының құжаттарына кіріскен кезде айықпас дертке шалдығып, 2012 жылы көз жұмған. Содан бері оның жанұясы өлместің күнін көріп келеді екен.

Мохаммадулла Хаитхал, қандас:

– Қазір мен өзім ауырдым, ауруханаға бардым. Олар қабылдамай жатыр. Ақша алып барайын десем, жағдай жоқ. Ешбір аурухана қабылдамайды. Ауырып мазам болмай жүр. Азаматтық үшін жүгіріп жүрмін. Болмай жатыр. Күйеуіммен де көп жүгірдім. Ары болады, бері болады. Болмайды демейді, болады дейді. Сонымен міне жүрміз ғой.

Азаматтық болмаған соң бұл үйде ешкімнің тұрақты жұмысы жоқ. Аурухана қабылдамайды. Ақылы қаралуға қаржат жоқ. Әкесі қайтыс болғанда 14 жаста болған Хелалуддин жастайынан бар ауыртпалықты мойнына алып, бауырларына шамасы жеткенше көмектесіп келеді.

Хелалуддин Абдулсаттар, қандас:

Азаматтығым жоқ, ешқандай жерге жұмысқа алмайды. Бір жағынан қиын. Сосын бір жерге барып цемент түсір дейді цементке барам. Көмір келеді, көмір қаптаймын. Сөйтіп өмір сүріп жүрмін ғой қазір. Азаматтығым болса, қазір тұрақты бір жұмысқа тұруыма болады. Азаматтықсыз тұруға болмайды. Қай жерге барсам да бірінші азаматтығым болса, жұмысқа аламыз дейді.

Әкесіне берілген азаматтықты балалары неге ала алмай жүр? Ауғанстанға бір емес бірнеше рет барып, керек деген құжаттардың бәрін әкелген. Оралман мәртебесі берілгенімен, Абдулсаттар отбасы үшін азаматтық алу әзірге арман болып тұр.

Айжан Бодаубайқызы, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Алматы облыстық филиалының өкілі:

Бұларда себеп – ақша жоқ. Ақшасы барлар алып жатыр. Ақша жоқ болғаннан кейін ала алмайды. Жағдайлары жоқ. Келе салып алданады делдалға. Сонымен ақшаларын құртып алады. Сонымен ала алмайды.

Қазіргі таңда қандастарымыздың құжаты Алматы облысы көші-қон полициясында жатыр. Істің алға жылжымауының себебі еліміздегі ұлттық қауіпсіздік коммитеті виза дұрыс емес дейтін көрінеді.

Ғалымжан Лекеров, Алматы Облысы ІІД Көші-қон қызметі басқармасы, Сыртқы көші-қон бөлімінің басшысы:

– Бұл кісінің виза коды сәйкес келмегендіктен, оны қайта жасату керектігі айтылды. Қазір олар құжаттарының бәрін өткізді. Қазақстан Республикасы визаларын беру туралы Ішкі істер министрінің 1100-бұйрығына сәйкес ендігі мәселені ұлттық қауіпсіздік комитеті қарайды.

Үлкен ұлдың аннан-мыннан тапқанына күнелтіп жүрген отбасы «кейде көмір алуға көк тиындары болмай, пешке қағаз жағып үй жылытамыз» дейді. Оралман куәлігінің мерзімі 5 айдан кейін бітеді. Осы уақыт аралығында азаматтық ала алмаса, Абдулсаттар әулеті мүлде құжатсыз қалуы мүмкін.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев