«Азия Авто» мемлекетке 174 млрд теңге қарыз

«Азия Авто» мемлекетке 174 млрд теңге қайтаруы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы сот өскемендік көлік құрастырушы зауытқа қатысты осындай шешім шығарды. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 173 млрд 979 млн 726 мың теңге көлеміндегі шығынды республикалық бюджетке қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген.

Сот министрліктің бұл арызын қабыл алып, зауытты қаржыны қайтаруға міндеттеді. Бұдан бөлек, кәсіпорын жергілікті бюджетке 5 млрд-тан астам қаражатты өтеуі тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр министрлік «Азия Автоға» сәуір айына дейін берілген жеңілдіктерді, яғни салық пен қайта өңдеуге арналған жинақтардан босатуды алып тастады. Бұған өндірістің көліктерді құрастыруға кірісе алмағаны себеп болған. Ал өндіріс жұмысын былтыр қарашада тоқтатты.