Атырау облысындағы полиция бекеттері қаңырап бос тұр

Атырау – Индер, Атырау – Доссор тасжолының бойындағы стационарлық полиция бекеттері сенімгерлік басқаруға берілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, кезінде қыруар қаржы жұмсап салынған нысандар қазір түкке жарамай тұр. Тіпті, тазалық жұмыстары да жүргізілмейді. Сондықтан қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы сенімгерлікке алатын кәсіпкер іздеп отыр.

Бұл – Атырау – Индер тасжолының бойында орналасқан полиция бекеті. Осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген бұл нысан қазір қаңырап бос тұр. Тұрып-тұрып тозығы жеткен ғимараттың қалдық құны 300 миллион теңгеден асып отыр. Қазынадан қарайған қаржы бөлініп салынған бұл полиция бекетін енді қалалық ТКШ бөлімі сенімгерлік басқаруға бермек.

Қалаға кіреберісте орнатылған полиция бекеттері 2018 жылы 330-360 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа салынған. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы болатын. Алайда, пайдалануға берілгеннен кейін де пайдаға асқаны шамалы. Себебі, мұнда полиция қызметкерлері көп уақыт тұрақтамады. Өйткені, 2019 жылы ішкі істер министрлігі мұндай полиция бекеттерінің парақорлықты күшейтетінін мәлімдеген еді.

Гүлназира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– 2019 жылдың қазан айына дейін ғана республика бойынша, оның ішінде Атырау өңірінде тосқауыл жүйесіндегі стационарлық бекеттер жұмыс істеді. Алайда, жемқорлық фактілерінің орын алуына жол бермеу мақсатында ел аумағындағы мұндай бекеттердің жұмысы тоқтатылды. Қазіргі таңда Атырауда Құрманғазы ауданында мемлекеттік шекарада орналасқан 1 тосқауыл жүйесіндегі стационарлық бекет жұмыс істейді.

Қаңырап бос тұрған ғимараттарды күтіп ұстап, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі сенімгерлік басқаруға беруді шешіпті. Алайда, әлі күнге дейін қызығушылық танытқандар жоқ. Айта кетейік, тендер осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Гүлхан Ғалымжанова, қалалық Қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

– Тендерге қатысушылар қатысу үшін кепілдік жарна төлейді. Кепілдік жарна – қалдық құнынан шығатын пайызы. Яғни, Атырау – Доссор нысаны бойынша 9 млн 17 мың 47 теңге, ал Бесікті ауылындағы нысан бойынша 10 млн 204 мың 39 теңге көлемінде кепілдік жарна төлейді. Қатысушы ұтқан жағдай немесе ұтпаған жағдайда кепілдік жарнасы өзіне қайтарылады.

Айта кетейік, егер елде төтенше жағдай орын алып, блок бекеттер жұмысына кірісетін болса, сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер нысанды 24 сағат ішінде уақытша босатуға міндетті болады екен.

Авторлар: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин