COVID-19: иіс пен дәм сезу қабілетінен айырылғанда не істеу керек

Коронавирустық инфекциямен ауырған кейбір жандар кемі 7-14 күн бойы иіс пен дәм сезу қабілетінен айырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еріксіз рефлекстің болмауы онсыз да жай-күйі нашарлаған науқастарға тіптен ауыр тиіп жатады. Мамандар кейбір жағдайда сезіну қабілеті айлар көрініс бермеуі мүмкін дейді. Оны қайтадан ретке келтіру үшін не істеу керек, қандай жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінген абзал?

«Сіздің тапсырған ПТР сынамаңыз оң нәтиже көрсетті. Сізде коронавирус расталды!» Дәрігердің осы бір сөзін естігенде көпшілік психологиялық стреске душар болады. Ал індеттің ерекшелігі сол, буын-буынды әлсіретіп, еріксіз төсекке таңып тастайды. Өкпең қысылып, өз-өзіңе келе алмай жатқан кезде иіс пен дәм сезе алмай қаласың. Қарағандылық Назира Балтабек – осындай індетті басынан өткерген көптің бірі.

Назира Балтабек, қала тұрғыны:

- Қорқыныш болды, тамақ дәмін сезбедім, иістің барлығы бірдей. Ең бірінші симптом дене қызуы, құрғақ жөтел, тамақ ауыру, иіс пен дәм сезбеу синдромдары пайда болды. Иіс пен дәм сезу бір айдың ішінде өзі пайда болды. Ол үшін мұрнымды тұзды сумен шайып, көп таза ауада жүрдім.

Індеттен айықса да, иіс пен дәм сезу қабілеті қалыпқа келмеді деп шағымданатындар көп дейді дәрігерлер. Мамандар иіс пен дәм сезу кемі бір айда оралмаса, оринголог дәрігердің қабылдауына жазылып, ем қабылдау керек деп отыр. Десе де, синдромның бастапқы кезінде бірқатар жаттығуды үйде жасауға болады.

Эльвира Ыбырай, дәрігер-эпидемиолог:

- Иіс пен дәм сезбеу көбіне жеңіл формада болады. Оны қалыпқа келтіру үшін мұрын жүйкесінің ұшына ауа қамту керек. Ол үшін мұрынды теңіз тұзымен шайып, дұрыс тамақтану керек. Суды көп ішу керек. Әр адам дене массасына орай – 2,-2,5 литр. Және бөлме ылғалды болған жөн.

Еске салсақ, Қарағанды облысы қазір індеттің сары деңгейлі өңірлері қатарында. Инфекциялық госпитальда 516 адам емделіп жатыр, оның 29-ы бала. 20 адамның жағдайы ауыр, екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...