Мамандар жыныстық әлімжеттікке қатысты заңға жаңа термин енгізуді ұсынып отыр

Соңғы отыз жылда елімізде жыныстық әлімжеттікке қатысты сотта тек 87 іс қаралған.

Бұл негізінен Қылмыстық кодекстің 123 бабы бойынша жасалған қылмыстар. Ал шын мәнінде әккі әрекеттердің құрбаны болғандар бұдан әлдеқайда көп дейді мамандар. Осы тұста мамандар заңға жаңа термин енгізуді ұсынып отыр.

Әйел адамдар өз өмірінің кей қалтарысын ең жақынына да айта алмайды. Қоғамның сынынан қорыққан жыныстық бопсалау құрбандары жылдар бойы үнсіз жүреді. Тек жекелеген жағдайда олар психологтың көмегіне жүгінеді.

Виктория Князева осындай науқастарды оңалтумен айналысады. Психолог ретінде нәзік жанжылардың өмірін өзгерткен, көңіліне қаяу түсірген, екіұшты жағдайлардың талайын естіпті.

Виктория Князева, психолог:

- Кейде бастығы орта жаста, ал көмекші қыз 20-дан сәл асса, бастығы оған шектен тыс көңіл бөлуі мүмкін. Мұндайда әртүрлі сылтау қолданылады. «Мен ересек тәжірибелі адаммын. Сені әкең сияқты қорғаймын» деп айтады. Бірақ мұндай әңгіменің артында қызды жақын қатынасқа итермелейтін сексуалдық контекст болуы мүмкін. Ал соңында қыз бала өзі қалады деп бұрып жібереді. Бірақ бұл қудалауға жатады.

Сұхбат барысында Виктория өзі де осындай ыңғайсыз жағдайларға талай рет тап болғанын айтты. Әсіресе, қыздың жеке басына қатысты орынсыз сұрақтар мен қисынсыз қалжың такси жүргізушілері тарапынан көп болған көрінеді.

Виктория Князева, психолог:

- Бұл шын мәнінде қорқынышты. Жүргізушінің әккі әрекеттерін байқағанда бірден көліктен түсіп қалдым. Менің қабылдауыма келген қыздар түрлі жағдайлар туралы айтады. Мысалы, егер алдыңғы орындыққа отырса, жүргізуші қолын қыздың тізесіне қойып, тиіскен жағдайларды бастан кешкен. Мұндайда нәзік жандылар көліктен қашып шыққанша асығады.

Бірақ бірден қашып, өзін осындай әрекеттерден қорғау барлығының бірдей қолынан келмейді. Мұндай жағдайда адам кейде қорқыныштан, қимылдай алмай қалуы мүмкін. Бұл психологиялық реакция. Ал қоғам мұндайды «өзі кінәлі» деп байыбына бармай сынап жатады. Жыныстық бопсалаудың мұндай әккі әрекеттерін құқық қорғау органдары да әшкерелей алмайды. Елдегі бірде бір кодексте жыныстық бопсалауға қатысты арнайы бап жоқ. Мұндай әрекеттерге не жататыны да нақты жазылмаған.

Аяжан Ойратова, құқықтық саясатты зерттеу орталығының бағдарламалық үйлестірушісі:

- Қазіргі қылмыстық кодексте немесе әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жыныстық әлімжеттік, харассмент немесе жыныстық бопсалау деген термин жоқ. Ешқандай термин жоқ. Сондықтан харассмент жасаған адам әртүрлі баптар бойынша жазаланады. Бірақ харассменттің барлық формалары біздің заңдар бойынша бекітілмеген, сондықтан да бізге Қылмыстық кодекс пе немесе әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің ішіне бап енгізуіміз керек. Ол бап жеке харассментті ғана қарастыру керек.

Заңгер Серік Беркамаловтың айтуынша, жыныстық қысым көрсетуді Қылмыстық кодекстегі бір ғана бапқа жатқызуға болады. Ол 123-бап. Онда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге байланысты қандай жаза қолданылатыны жазылған.

Серік Беркамалов, Қазақстан заңгерлері одағының қалалық филиалының төрағасы:

- Бұл бапта жалпы жыныстық әлімжеттікке қатысты мәселе қамтылмайды. Өйткені бұл әлдеқайда кең ұғым. Мұнда ағылшын тіліндегі харассмент сөзін қолданған дұрыс. Ол адамның жеке басына қол сұғу, қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, жыныстық әлімжеттік әрекеттерді қамтиды. Оған қандай да бір іс-әрекеттер, жағымсыз сөздер, адам келіспесе де қоймай кездесуге әрекет ету – мұның бәрі харассмент тұжырымдамасына жатады және бүкіл әлемде қылмыс болып саналады.

1998 жылдан 2018  жылға дейін Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша сотта тек қана 87 іс тіркелген. Мамандардың айтуынша, жәбірленушілердің жыныстық бопсалауға қатысты дәлелдемелерді жинай алмауынан осындай істердің көбі сотқа жетпейді. 

Аяжан Ойратова, құқықтық саясатты зерттеу орталығының бағдарламалық үйлестірушісі:

- Менің ойымша харассмент те Қазақстанда құқықбұзушылық, заңбұзушылық ретінде қалыптасу керек. Харассмент немесе жыныстық бопсалау – бұл адамның жәбірленушінің өзінің сезіміне байланысты. Егер жәбірленуші өзін жаман сезінсе, өзінің абыройы түскенін сезінсе, міне сол тұрғыдан біз оны харассмент деп айта аламыз. Адамды жыныстық қатынасқа түсуге шақыру, сонымен қатар аудио, видио, фотоконтент жіберу. Ол видео, аудио контентте сексуалды контекст бар ақпарат болуы мүмкін. Міне, соның барлығы харассмент болып табылады.

Мұндай жағдайлардың жолын кесудің жалғыз жолы – заңды реттеу дейді сарапшылар. Ал психологтардың пікірінше, заңнамалық базамен бірге балалар тәрбиесіне көңіл бөліну керек. Әр адамды оның жынысы мен жасына қарамастан құрметтеп, жеке басына, ар-намысына нұқсан келтірмеуді үйрету керек. Заңгерлер агрессордың орынсыз әрекеттері үшін айыппұл өндіріп алуға немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын жаза енгізіп, оны қылмыс дәрежесіне қарай жіктеуді ұсынады.

Ғазиза Мұхамеджанова, Еламан Райымбеков, Ержан Рахманбердиев

Сондай-ақ...