419,72 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде екі бірдей көпқабатты үй тұрғындары дүкен мұржасынан шыққан түтіннен құтыла алмай отыр

  • 118
  • UPD: 10:09, 04.02.2021

Айтуларынша, соның салдарынан пәтерлерін желдетіп, кір жаюдан да қалыпты.

Қанша рет шағымданғанмен, ешкімнен қайыр болар емес. Сондықтан кезекті рет арызданып, жауапты орындардан көмек күтеді. Өйткені қала экологиясы онсыз да мәз емес. Мәселен, жылу электр орталығы да шаһар ауасын ластап жатыр.

410 квартал тұрғындарын қара түтін қажытып келе жатқанына отыз жылға жуықтапты. Ащы иістен сақтанып, есік-терезені бітеп алатын олар тіпті есік алдына шығып серуендеуден де қалған. Кейбір кездері ауланы қап-қара күйе басып жатады. Өйткені тура осы жердегі екі қабатты жекеменшік нысан қатты отын қолданады. Ал соның мұржасынан шыққан барлық қалдық тұрғын үйлердің ауласын басып, иісі пәтерлерді алып кетеді екен.

Бикен Исмагулова, қала тұрғыны:

- Бүгін қар жауған соң басып қалды, мына жерден өтсең қап -қара болып тұрады. Дем ала алмаймыз, терезені аша алмаймыз, бірдеңе істеу керек қой, неше жыл болды. Осы үйде 2002 жылдан бері тұрамын.

Алмагүл Тұрсынова, қала тұрғыны:

- Жаман иіс келеді де тұрады, тереземізді аша алмаймыз, иіс адам ағзасына зиян. Балалардың да ойнайтын жері жоқ, соны да айта кетсем.

Любовь Даренских түтінмен алысып келе жатқаныма 11 жыл болды дейді. Зейнеткер пәтеріндегі ауаны тазарту үшін күнделікті ылғалдандырып, жуып шайып отырады.

Любовь Даренских, үй тұрғыны:

– Таңертең тұра сала терезенің алдын сүртіп тастаймын. Ал кірді далаға жаю мүмкін емес. Қандай түтінмен, қандай зиянды қалдықтармен тыныс алып отырмыз, оны да білмейміз.

Бір қызығы дүйім жұртты дүрліктіріп отырған бұл түтіннің жұртқа қаншама кесірін тигізіп жатққанынан дүкен иесі хабарсыз болып шықты.

Дмитрий Ли, дүкен басқарушысы:

– Таң қалып тұрмын, бұл туралы естіп тұрғаным осы. Тұрғындар ешкімге арызданбай-ақ бірден осында келіп айтуларына болар еді. Мен бүгін барлығын зерттеп, проблеманы шешуге тырысамын. Мүмкін қандай да бір сүзгі орнататын болармыз.

Семейдің ауасын тек бұл мұржа ғана емес, жылу электр орталығы да ластап келеді. Жақында мамандар ондағы бейорганикалық шаң тозаң қалдығының мөлшері 27 есеге артып кеткендгін анықтады.Сөйтіп экологиялық шығын 61 миллион теңгені құраған. Ал айыппұл көлемі – 15 миллион теңге.

Эльмира Ахметова.Асем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы