416,57 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық балықшыларға түнгі уақытта да балық аулауға рұқсат берілді

  • 108
  • UPD: 14:46, 04.02.2021

Қазақстанның Каспий теңізіндегі белдеу ені 12 мильден 15 мильге дейін кеңейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті заң жобасы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында қабылданды. Сондай-ақ отандық балықшыларға тек күндіз емес, түнгі уақытта да балық аулауға рұқсат беріледі. Бірақ оларда GSM трекер болуы қажет. Мұндай құрылғы төтенше жағдай кезінде шұғыл көмекке келуге мүмкіндік береді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң Каспийдегі мемлекеттік шекараны қорғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Аталған құжат ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді. Аумақтық сулардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Ол әр мемлекетке балық аулау бойынша айрықша құқық береді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ заңның бірқатар нормалары су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормалар ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың ашықтығын көздейді.

Хабар 24 телеарнасы