Алматыда алаяқ жалға алынған көлікті сатып жіберген

Алматыда жалға алынған көлікті сатып жіберген азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

1988 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны бұрын алаяқтық жасағаны үшін төрт рет сотты болған. Бұл жолы қаскөй автокөлікті жалға беретін бірнеше компанияны алдады.

– Соңғы эпизод бес күн бұрын болған. 29 қаңтарда алаяқ жауапкершілігі шектеулі серіктестердің бірінің ғимаратында алдау және сенімге қиянат жасау арқылы арам ниетпен «Тойота Камри» маркалы, 70-модельді көлікті иемденіп, оны кейінірек сатып жіберген. Осылайша, ол зардап шеккен тарапқа 14 миллион теңге көлемінде зиян келтірген. Көлік құралы алаяқтың қолына түскен бойда, ол GPS жүйесін өшіріп тастап, содан кейін әлеуетті сатып алушы іздеуге кіріскен, ол сатып алушыны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен бағамен қызықтырған. Алданған кәсіпкер полицияға шағым түсірді, – деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Полиция оның қылмыстық ісінің сериялық сипатта болу ықтималдығын жоққа шығармай, зардап шеккен азаматтарды 254-47-00; 54-47-01; 254-47-02 және 8-701-666-41-64 телефондары бойынша полицияға хабарласуға шақырады.