419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенат Каспийдегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң қабылдады

  • 116
  • UPD: 14:38, 04.02.2021
Сенат Каспийдегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң қабылдады Сенаттың баспасөз қызметі

Каспийдің қазақстандық бөлігі 15 теңіз милін құрайтын болады. Бүгін сенаторлар осы заңды қабылдады.

Құжатта браконьерлермен күресудің нормалары жазылған, алайда өз ісіне адал балықшыларға қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, балықшыларға жағдай жақсарды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Егер бұрын қазақстандық кемелер теңізге күндіз ғана шыға алса, енді жаңа түзетулерге сәйкес тәуліктің кез келген уақытында балық аулауға мүмкіндік бар.

«Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, заңның бірқатар нормалары су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгін қабылданған Заң экономикалық қызметті және Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараны қорғаудың құқықтық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Құжат 2018 жылы қабылданған Ұлттық заңнаманы, Тұңғыш Президент - Елбасының бастамасымен қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенциямен үйлестіруге бағытталған.

«Заң жобасы біріккен серіктестік әрекеттерге қажетті құқықтық негіз қалыптастырады, соның ішінде экология және Каспийдің биоресурстарын сақтау, браконьерлікпен, сонымен қатар терроризммен күрес және Каспий теңізіндегі қақтығыстардың алдын алудағы өзара байланыста маңызы зор», – деді сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Хабар 24 телеарнасы