Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары жергілікті мектепті жаппауды сұрап отыр

Ақтөбе облысындағы Аманкелді ауылының тұрғындары мен Алға ауданының әкімдік өкілдері жергілікті мектептің тағдырына алаңдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар бала саны аз елді мекендегі 9 жылдық білім ордасы жабылып қала ма деп қорқады. Себебі ереже бойынша оқу орнында 41 және одан да көп оқушы болуы қажет. Ал қазір мұнда бар болғаны 30 бала білім алып жатыр. Сондықтан шағын жинақты мектеп мәртебесіне көшкеніне де біраз болған. Олар мәселені шешу үшін облыстың өзге елді мекендерінен көпбалалы отбасыларды шақырып отыр. Қоныс аударушыларды тұрғын үй және жалақысы тәуір тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Балдырған Нұрмұханова, Аманкелді негізгі мектебінің директоры:

– Бізде бірінші сыныпта бір бала, үшінші сыныпта 2 бала, бесінші сыныпта бір бала, жетінші сыныпта 1 бала бар. Кем дегенде осы сыныптарда үш немесе бес бала болу керек. Сонда біз шамалы болса да көтерілеміз. Сондықтан ауылдың тұрғындары жағынан өздері хабарландыру жасады. Көшіп келіп жатыр. Енді алдағы уақытта көгілдір отын келіп жата, жастар жағы да тұрақтанар.