Петропавлда бірқатар тауар өндірушілердің сертификаты қайтарып алынды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы газ-мұнай құрылғыларын шығаратын қазақстандық тауар өндірушінің сертификаттарын қайтарып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтардың ортасында арнамыздан осы кәсіпорынның салдарынан шығынға баттық деген Петропавлдағы зауыттың жағдайын көрсеткен едік. Естеріңізде болса, олар Ақтауда тіркелген компания өніміне күдіктеніп, өндірісін тексеруді талап еткен болатын. Осыған байланысты арнайы құрылған комиссия ішкі аудит жүргізіп, ұңғыма сорғыларына берілген 3 сертификаттың күшін жойды. Енді бұл кәсіпорын кейбір мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды.  

Бибігүл Смағұлова, «Атамекен» ҰКП департаментінің сарапшысы:

– Бұл туралы «Самұрық - Қазына» қорына, техникалық реттеу және метрология комитеті, серфтификат иесі мен шағымданушы тарапқа тиісті хат жіберілді. Ал рұқсат қағаздарын берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтаудағы қызметкерлеріне қатысты шара қолданылады.