Қазақстанда жыл сайын 15 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады

Елде қатерлі ісікке шалдығатындар саны артып барады. Осы күні 190 мыңға жуық отандасымыздан обыр табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын 35 мың адамға осы диагноз қойылады. Дәрігерлер мұны қорқынышты дерек дейді. Алдын алмасақ, сан соғып қалуымыз мүмкін деп отыр.

Елде жыл сайын 15 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Сенесіз бе?! Естіген елдің есін екеу, түсін төртеу қылады бұл. Селк еттік, секем алдық. Сөйтек, салғырт екенбіз. Дұрысы – енжарлық бізді обырдың құрбаны қылып тұрған. Уақытылы тексерілмейміз. Ауру әбден асқынғанда ғана дәрігердің барын еске аламыз. 

Бұл бәлекет те бірден біліне қоймайды. Жегі құрттай жеп жатады. Сөйтіп, өлімші күйге бірақ түсіреді. Ал ондайда ақ халаттылардың араша түсуі не ғайбыл. Қатерлі ісікті жеңуге болады. Тек ерте қамдансаң ғана. Әйтпесе, әлемді табаға салып қуырып тұрған бұл кеселдің жемтігі болдым дей беріңіз. 

Әлгінде әлем деп қалдық ғой. Жыл сайын осы індеттен жер басып жүрген жандардың жеті миллионға жуығы мерт болатын көрінеді. Және бұл сан кеміп жатқан жоқ. Біздің елде де күн өткен сайын көбейіп барады емес пе? Қатерлік ісікке шалдығып жатқандарды айтамын. Жылына 35 мың отандасымыздан обыр табылады.

Бұрынғылар ас адамның арқауы деуші еді. Соны ұқпаппыз. Қазіргілер дұрыс тамақтанбайды. Салауатты өмір салтын ұстанатындар да сирек. Содан ғой, соқпалдай деп жүргеннің өзі сеспей қатады бұл күні. Қазір мына орталықта 400-ге жуық адам емделіп жатыр. Солардың бірін сөзге тартып көрмек едік. Ауруын айтқылары келмеді.    

Бізде дәрі тапшы болған бертінде. Қатерлік ісікке шалдыққан науқастардың уақытылы ем-дом қабылдай алмай, қиналып қалғаны бар. Қазір реттегенге ұқсайды. Дәрі-дәрмекті үзбейміз деп сендірді мамандар.

«Сау адамды сал қылады» дейтіндер әлі де бар ғой арада. Дәрігерлерге сенбейтіндерді айтамын. Сөйтті екен деп, қолды сілтеуге әсте болмайды. Көріну керек. Саулық сақтықта екені санада тұрсын.

Дастан Сейілханұлы, Аят Дүйсембаев