Цой жедел жәрдем қызметкерлері қаза тапқан оқиғаға қатысты пікір білдірді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасында қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлерінің отбасыларына көңіл айтты.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұжымының және жеке өз атымнан Шығыс Қазақстан облысында көлік апатынан қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлердің отбасына қайғыра көңіл айтамын.

Бұл трагедия  дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашан да адал атқарады.

Өкінішке қарай, науқас өмірін құтқаруға шыққан шұғыл қызмет бригадасының дәрігері мен фельдшері – Болат Қапсаметұлы Әзілханов пен Бейбіт Төлеуғазыұлы Ғабдуллин көз жұмды», – деп жазды Алексей Цой.

Министр бұл жайт медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болғанын алға тартты.

Сондай-ақ ол Семей қаласындағы ауруханада жансақтау бөлімінде жатқан жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушісінің тезірек сауығып кетуін тіледі.