СҚО-да мас күйінде көлік тізгіндеген мемлекеттік қызметкер жазаланды

Солтүстік Қазақстанда көлікті мас күйінде басқарған шенеунік жазаланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері желтоқсан айында ащы су ішіп, темір тұлпар тізгіндеген Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысын ұстады. Оқиға Аққайың ауданының Трудовое ауылында болған. Соттың шешімімен мемлекеттік қызметші жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, қызметтік әдепті бұзғаны үшін енді орнын босатады. Жалпы былтыр өңірде екі мемлекеттік қызметкер мас күйінде рөлге отырған.

Сәлима Базарбекова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сқо бойынша департаментінің баспасөз хатшысы:

- Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес Жолдасбаевты ұстау кезінде алкогольдік масандықтың жеңіл дәрежесі анықталды. Аталған қаулы заңды күшіне енді. Шағым жасалмады. Қызметтік тергеу барысында Жолдасбаев қоғамға қарсы теріс мінез-құлық жасау фактісін мойындады. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен қала әкіміне оны қызметінен босату ұсынылды.