Байқоңырда карантин 14 ақпанға дейін созылды

Байқоңырда карантин 14 ақпанға дейін созылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұлдызды қалашықта думанды шаралар мен той-томалақ ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Бірақ зал көрермендерін 25%-тен асырмаған кинотеатр мен мәдениет үйлері жұмыс істеп тұр. Қала басшысының қаулысымен адамдардың топталып жүруіне қатысты шектеулер алынды. Яғни байқоңырлықтардың еркін жүріп-тұруына кедергі жоқ. Дегенмен, тамақтану орындарында 4 адамнан артық бірігіп отыруға болмайды. Сондай-ақ үстелдердің арасы 2 метрден кем болмауға тиіс. Ғарыш айлағының шұғыл штаб өкілдері тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Айта кетерлігі, Байқоңырда да вакцина егу шаралары басталды.

Константин Бусыгин, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы:

- Көпке үлгі ретінде алғашқылардың бірі болып екпе салдырдым. Байқоңырдағы емдеу мекемесінде бәріне бірдей ерікті түрде вакцина егіліп жатыр. Ешкімді жұмыстан қуамыз деп мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Өзім де 2 сауалнама толтырдым. Тұрғындардың сенімі мен ынтасы жақсы. Белгілі уақыттан кейін карантинсіз өмірге қайта ораламыз деген үміт басым.