Мәжіліс депутаттары вакцина салдырды

Бүгін Мәжілістің үш депутаты коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал негізі вакциналаудың алғашқы кезеңінде екпе тек медицина саласының мамандарына ғана салынуы тиіс болатын. Ал депуттардың екпені кезектен тыс қабылдауына не себеп?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Вакцина салу басталғалы жұрттың пікірі қақ жарылды. Бірі «коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – екпе» десе, енді бірі вакцинаның сапасына күмәнмен қарап, салдырудан бас тартты. Соңғылары әлеуметтік желіде «вакцинаны билік басындағылар мен депутаттар бірінші салдырсын, сосын біз де қабылдаймыз» деп жар салды.

Ал министрліктің бекіткен жоспары бойынша вакцина бірінші кезекте науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге салынуы керек. Содан кейін мұғалімдер, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне кезең-кезеңімен егіледі. Бірақ бүгін Мәжілістің VI шақырылымына жаңадан сайланған үш депутат, яғни Зарина Камасова, Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец вакцина салдырды. Үшеуі де депутат болғанға дейін індетпен күрес шараларының бел ортасында жүргендер.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Дәрігер ретінде мен қазір жаппай вакцинациялау ғана коронавирустың таралуына қарсы тұра алатындығын жақсы түсінемін. Әрине, бұл әр адамның еркі. Мен нақты шешім қабылдадым: екпе жасатамын. Өйткені ол менің де, туыстарым мен достарымның да денсаулығы осыған байланысты.

Депутаттардан бөлек вакцинаны қала, аудан  басшылары да қабылдап, желілерде жариялап жатыр. Осы тұста «Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі елеусіз қалды ма» деген сұрақ туады.  Ведомтсваның жауабы мынадай болды.

Цитата:

- Әлеуметтік желілерде коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме таралып жатыр. Мұндай жалған ақпараттар жұрттың екпеге күмәнмен қарауына әсер етеді. Сондықтан биліктегілер мен депутаттар вакцинаның сенімді екенін дәлелдеу мақсатында қабылдады. Оның үстіне үш депутат та тәжірибелі дәрігер.

Айта кетейік, министрліктің жоспары бойынша депутаттар ковидке қарсы вакцинаны наурызда қабылдайды. Ал жыл соңына дейін барлығы 6 млн адамға вакцина салынады деп жоспарланған. Оның 2 миллионын жылдың бірінші жартысында қамтымақ.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Сондай-ақ...