Сарыөзек ауылының тұрғындары ауыз су тапшылығын тартып отыр

Алматы облысындағы Сарыөзек елді мекенінің тұрғындары редакциямызға ауылда ауыз су жиі болмай қалатынын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбір үйлерде мүлдем су жоқ. Олар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Қыстың күні қырауда су тапшылығы мал-жанға бірдей қиын тиген тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен осы мәселені түбегейлі шешіп беруін сұрап отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Бұл Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылының жаңадан салынған бөлігі. Өзі жоғарыда орналасқан. «Ауыз су құбыры тартылғанымен, қысым жеткіліксіз, еңістен жоғарыға су көтерілмейді. Сол себепті ауыз судан тапшылық көріп отырмыз», – дейді тұрғындар.

Сарыөзек ауылының тұрғыны Айдос Мамыров – екінші топтағы мүгедек. Бір қолы жоқ болғандықтан, үйінде мал ұстамайды. «Мал түгілі өзіміз ішерге су таппай қиналып отырмыз. Суды көбіне таксимен тасып ішуге тура келеді», - дейді ол.

Айдос Мамыров, Сарыөзек ауылының тұрғыны:

- 4 жыл болды осында көшіп келгеніме. 4 жылда көріп жатқаным: су береді, бір жеті жоқ боп кетеді де, кешке жақын береді. Судың бәрі төменде, еңіске ағып кетеді. Ал өр жаққа көтерілмейді су деген. Машинам жоқ, таныс-тамырдың өзі маған 500 теңгеге, 1000 теңгеге су әкеп береді.

Ал әйелдер қауымы сусыз ас әзірлеп, кір-қоңын дұрыс жуа алмай қысылуда. Кәмшат Жалмұрзанованың кір жуатын машинасы сумен бірге тоқтап қалыпты. Есігі ашылмай тұрғанына біршама уақыт өткен.

Кәмшат Жалмұрзанова, Сарыөзек ауылының тұрғыны:

- Қаңтардан бастап су жоқ, осы жаңа жылдан кейін. Ертеңгісін 1-2 қазандық толтырамыз, болды. Не малымыз су ішпейді, не кіріміз жуылмайды. Не бала-шағамыз суға, моншаға түспейді. Не деген сұмдық мынау? Жақында енді биттейміз ғой. Су жоқ қой, не істейміз енді? Басымыз жуылмаса, үстіміз жуылмаса, биттеп, битімізді отқа қағып отырамыз ғой енді.

Жазира Темірбекова, Сарыөзек ауылының тұрғыны:

- Түске дейін құрқ-құрқ етіп шығады. Тасып алсақ, тасып алдық. Тасып алмасақ, су жоқ. Көше тентіреп су іздеп кетеміз.

Ал Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Әденов бұл жағдайдан мүлдем бейхабар болып шықты.

Нұрлан Әденов, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Новостройкада ондай жағдай болуы мүмкін емес, біріншіден. Енді қазір біз бірге барайық, көрейік. Ондай жоқ. Қазіргі кезде еш жерде авария жоқ.

Аудан әкімнің орынбасары Сарыөзектің жоғарғы бөлігіндегі үйлерде судың жоқтығына көз жеткізген соң бірден көлігіне отырып кетіп қалды. Мән-жайды «Сарыөзек су құбыры» мекемесінің директоры түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұнда небәрі 100 текшеметрлік резервуар орнатылған.

Азамат Доспанбетов, Сарыөзек су құбыры мекемесінің директоры:

- Сол 100 кубтық резервуар қазір толық қамти алмайды бізде. Әзірге төмен жағынан көтерілгенше резервуардың суы бітіп қалады. Сол үшін қазір жаңа резервуар салынды 1000 кубтық. Бірақ оны әлі іске қосқан жоқ. Қаулы шығып, соны іске қоссақ, толық қамтып, Новостройканы қамти аламыз.

Сыйымдылығы мың текше метрлік су қоймасы көктемде пайдалануға беріледі. Сол кезде Сарыөзектің жаңадан салынған бөлігіндегі үйлерге су емін-еркін жетеді. Аудан орталығындағы ауыз су құбырының 40%-і әбден ескіріп-тозған. Олар биыл жаңартыла бастайды. Ұңғымадан ауылға қарай ұзындығы 7,5 шақырымдық екі құбыр тартылып, сыйымдылығы 5 мың текше метрлік негізгі резервуар күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 1 млрд 75 млн теңге қаржы бөлу көзделген.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов