Қазақстанда жыл сайын 36 мыңға жуық қатерлі ісік ауруы тіркеледі

Алматыдағы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты халықты қатерлі ісікке байланысты тексеруден өтіп тұруға шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде жыл сайын 36 мыңға жуық қатерлі ісік ауруы тіркеледі. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мың науқас тұр. Ал жыл сайын жаман аурудан 14 мың адам қайтыс болады. Қазақстанда ең көп тараған обыр түрлері: сүт безі, өкпе, асқазан және жатыр мойны қатерлі ісігі. Дегенмен, ауру ерте кезден анықталса, оны емдеу де оңай болады. «Әр адам денсаулығын қадағалап, жылына бір рет емдік-профилактикалық тексерістен өтуі қажет», - дейді онколог-дәрігерлер. 

Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ғзи басқарма төрайымы:

- Елімізде қатерлі ісік тегін емделеді. Скринингтік тексеріс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өткізіледі. Ол да тегін. Сондықтан жылына бір рет онкологияға тексеріліп тұру қажет. Денсаулықты мұқият қадағалау қажет. Қазақстанда қатерлі ісіктің 1-сатысына ұшыраған жандардың 100%-і толық емделіп шығады. Кеселі дендеген жандарды емдеу үшін химиялық, хирургиялық терапия сынды қосымша ем жасауға тура келеді.