Семейде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны екі есе артқан

Семейде карантиндік былтырғы шектеулердің салдарынан онкологиялық ауруға шалдыққандар саны екі есе ұлғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онкологиялық диспансер жұмыс істеп тұрғанымен, науқастардың тексеріске келуге жағдайы болмаған. Аймақта обыр ауруынан 700 адам көз жұмды. Дәрілік препараттармен қамту барысында бірсыпыра қиындық туындады.

«Шекара жабық болғандықтан, қымбат дәрі-дәрмектердің жеткізілуі тоқтап қалды», - дейді медицина мамандары. Сонымен қатар дәрігерлер қазір жағдай тұрақталса да, тұрғындардың онкологтарға деген сенімі төмен. Олар көбіне халық емшілерінің көмегіне жүгінетінін айтады. Ал дәстүрлі емес медицинаны қолдану өлім-жітімге себеп болып жатады.

Қуантқан Жабағин, қалалық ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары:

- Кей жағдайда туыстарының көмегіне жүгініп жатады. Кейде дәстүрлі емес медицинаға жүгінеді. Инемен емдеу, түрлі БАД, массажбен емдеу дейді. Емшілерге бару. Соларға жүгіну саны артып кетті соңғы кезде. Олар негізгі диагнозын асқындырып жіберетін әдіс-тәсіл. Сондықтан ол өмірді қысқартады, емді қиындатып жібереді. Сол науқастарға тек ұсыныс айтамыз: тексерілген, анықталған деректерге көз жүгіртіп, солармен жұмыс жасауларына ұсыныс жасаймыз.