Қостанайда қоғамдық көлік жүргізушілері жолақы төлеудің жаңа әдісіне қарсы

Қостанай қаласында 9 ақпаннан бастап қоғамдық көлікте жүру ақысын карточкамен төлеу тәртібі енгізіледі. Бұл жаңашылдыққа автобус жүргізушілері қарсы.

Олардың айтуынша, электронды төлем жүйесіне көшуге әлі ерте. Сынақ мерзімі кезінде байқалды: байланыс желісінде сәл кідіріс болса, төлем қабылдайтын валидатор қондырғысы істен шығады. Сосын кіріс-шығыс есебінде сәйкессіздік пайда болыпты. Тасымалдаушылардың көңілінен шықпайтын тағы бір талап: терминал бұзылса, автобус базаға оралуы қажет. Яғни бір күндік табысынан қағылады. Оның сыртында төлем карточкаларын алып үлгірмегендер көп. Міне осындай дәлел-уәждерін алға тартып, қостанайлық автобус жүргізушілері ереуіл өткізуді қалайды.

Айта кетелік, 9 ақпаннан бастап, қалалық маршрутта жолаушылар карточкамен 80 теңге, қолма-қол 150 теңге төлейтін болады. Жергілікті әкімдіктегілер осындай дифференциалды тариф белгенген мерзімінде енгізіледі деп отыр.

Әнуарбек Қасымов, қала әкімінің орынбасары:

- Әлеуметтік картаны алып үлгірмеген зейнеткерлер мен оқушылар 1 сәуірге дейін бұрынғы жүйемен, нақты айтсақ, оқушылар 40 теңге, зейнеткерлер 70 теңге қолма-қол ақша төлеп жүре алады. Сол күнге дейін олар «Қазпошта» бөлімшелерінен карталарын алуы қажет. Ал қалғандарына дифферинциалды тариф қолданылады. Терминал  істен шыққан жағдайда жүйені әзірлеушілер шығынды өтеуге міндетті.