419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүгедек жандардың күтушілері жалақыларын көбейтуді талап етті

  • 195
  • UPD: 11:36, 05.02.2021

Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күтушілері наразылық танытты. Себебі биылдан бастап оларға төленетін қаржының көлемі қысқарған. Сондықтан облыс әкімі ғимаратының алдына жиналған наразы топ әкімдіктен жалақыларын көбейтіп беруді талап етті.

- Күнде акт толтырамыз. Мұның бәрі дұрыс емес. Күйеуімізді қарап отырмыз ба? Онда ақшаны автоматты түрде аударуы керек. Біз неге дәлелдеуіміз керек күйеуімізді қарап отырмыз деп?

Қоларбаға таңылған мына азаматтың аты-жөні Дастан Орынбасар. Өзі 1-топ мүгедегі. Үш баланың әкесі. Келіншегі жеке күтушісі ретінде күндіз-түні қасында қарап отырады. Сол үшін үкімет оған ақша төлейді. Алайда биылдан бастап, жеке көмекшіге төленетін қаржы көлемі екі есеге дейін қысқарып кеткенін айтады.    

Дастан Орынбасар, 1-топ мүгедегі:

- 8 сағатқа әйеліме төлесін қарағанына, төрт-ақ сағатқа төлейді. Төрт сағат деген не, 24 сағат менің қасымда ол. Су алып ішуім керек, жүруім керек, тұруым керек. Биыл тағы заң шықты. Әр тұрған-жүргеніңды түсіріп, есеп бер дейді. Бұл не деген масқара?! Мүгедектерді қорлау ғой мынау! Міне 2 ай болды памперс жоқ. Тендерден ұтқан жоқ дейді. Памперссіз өмір сүре алмайтын адамдар қалай сатып ала береді оны.

Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандардың күтушілеріне 35 мың теңге көлемінде ақы төленетін. Ал 2-3 адамға көмектесуді өз мойнына алған қызметкерлер одан көптеу алатын. Облыс әкімі ғимаратының алдына жиналған наразы топ өздеріне төленетін қаржының биыл қысқарып кеткенін айтып шағымданды. 

Райхан Жүсіпова, жеке көмекші, Кентау қаласының тұрғыны

- 358 теңге алатын жеке көмекшілер 310 теңге аласыңдар деді. 24 мың теңге алады айына. Онда да айына 18-20 күн шықса. 24 мың теңге деген ақша ма, қазір бәрі қымбат.

Динара Сатыпалдиева, жеке көмекші:

- Мен мысалға, 3 адамға қараймын. Мүгедек кісілермен жұмыс істеу оңай емес. Өте қиын. Былтыр 70 мың алғанбыз, биыл енді 43-44 мың шамасында. 6 балам бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары жеке көмекшілердің алдына шығып, мән-жайды түсіндіруге тырысты. Басшылардың айтуынша, бұрын күтушілерге 8 сағаттық жұмыс кестесі бойынша ақы төленген. Ал қазір қызмет көрсеткен уақытына ғана ақша төленетінін жеткізді. 

Мәдина Есімова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Кейбір азаматтар 2 сағатқа ғана баратын жерлері бар. Кейбірі 8 сағат барады. Бірақ 1 айда соны жинап өткізеді. Бірақ 1 айда, күнде 8 сағат жүреді деген ол шындыққа үйлеспейді ғой. Жеке көмекші қанша сағат қызмет көрсетті, соның қаржысын алады.

Облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы кездесуде әркім өз ойын айтып, ұсынысын ортаға салды. Ал жауаптылар барлығы заң аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты. Егер күтушілер 8 сағат бойы жұмыс істегенін дәлелдесе, толық ақысын алатынын жеткізді. Алайда тараптар ортақ шешімге келе алмай тарасты.

Айта кетейік, Түркістан облысында 95 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат және екі жарым мыңнан астам жеке күтушілер бар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы