Өскемендегі шағын аудан халқы сапалы жол мен қоғамдық көлікке жарымай жүр

Өскемендіктерді көбінесе жол, жарық, көлік қатынасы мәселесі жиі мазалайды. Жаңадан салынған ықшам аудандардағы проблема да шаш етектен. Бұл туралы қалалықтардың шаһар басшылығына жолдаған онлайн сауалдарынан байқадық. Кейбірі қала шетінде тұрып орталыққа жете алмай жүрсе, енді бірі жап-жаңа үйдің құлап жатқан жабындысынан қауіптеніп, көмек күтіп отыр.

Согра ықшам ауданы. Әлеуметтік пробелмалары көп аудандардың бірі. Ең қиыны сол, не сапалы жолға, не қоғамдық көлікке жарымай келеді.

Марина Алексеева, Согра ықшам ауданының тұрғыны:

- Мінеки біздегі жол осындай,өазір қар басып тегістеліп жатыр, ал күзде, жазда, көктемде ойық-ойық жолмен ешкімнің жүргісі келмейді. Тіпті жалғыз автобусымыз осы жолға жетпей кері бұрылып кете барады. Сонда қалай қатынауымыз керек.

Белсенді келіншек осы мәселені қала басшылығына онлайн түрде жеткізді.

- Может быть добавит маршрут,автобус... стоим на остановках 40-45 минут.

Бұған тиісті мамандарға тапсырма беріледі, бақылауға алынады деген жауап қайтарылды. Согралықтар осы сөзге сеніп отыр. Қаланың ескі бөлігіндегі жағдай осы болса, су жаңа бөлігі де проблемадан құр алақан емес. Әсіресе осындағы бірнеше зәулім үйдің тұрғындары күн сайын қауіптің астымен өтуге мәжбүр. Жел тұрса болды үй жабындысы жалп-жалп етіп құлап жатады. Ауыр плита жазда бір баланың аяғын тіліп түскен. Талай көлікті де зақымдады. Әсем Сыванова қазір аулаға шығудан қалдық дейді. Енді қала әкімдігіне әлеуметтік желі арқылы осы сауалды қойып көрмек.

Әсем Сыванова, Согра ықшам ауданының тұрғыны:

- Өзімде де жағдай болды келе жатқан кезде алдыма 1-2 метр жерге түскен, өте қауіпті жағдай, бұл жағдайды ертерек шешсе дейміз, он жыл көлемінде осы проблеманы көтеріп келе жатырмыз. 

Қаладағы кейбір аудандарда әлі де болсын ғаламтор сапасы  нашар. Әсіресе қашықтан білім алып жүргендер үшін бұл өзекті мәселеге айналған. Бұдан өзге дренаж желісінің нашарлығы да қалалықтарды жиі әуреге салады. Өйткені жаңбыр мен еріген қар суы көшеге жайылып кететін жайлар аз емес.

Жақсылық Омар, қала әкімі:

- Осының барлығы елдің көкейінде жүрген сұрақтар және қойылуы заңды ақпан айының аяғына дейін іс жоспарын бекітіп тағы да халықпен кездесіп соны айтамыз. Қазір мына шектеу шаралары аяқталғаннан кейін біз шағын кездесулерге барып сол мәселені өзіміз аяғымызбен жүріп,көрімізбен көріп қолымызбен ұсттап содан кейін барып нақты шешім қабылдап халыққа айтамыз, міне сіздердің қойған сұрақтар осындай шешім қабылданды, атқарылды деп.

Енді қордаланған көп сұрақтың шешімі шынымен де табыла ма әлде осы қалпында  келесі жылға ауыса ма, оны алдағы уақыт көрсетеді. 

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов