Маңғыстау облысының Үштаған ауылында 30 жұп егіз тұрады.
Олардың алды 40 жаста болса, кішілеріне төрт ай толған. Бұл ауылда егіздер өзге өңірлерге қарағанда жиі дүниеге келеді екен. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі мыңға жуық адам тұратын ауылда Жаңаауыл көшесі бар, ел ішінде «егіздер көшесі» аталып кеткен. Мұнда жеті отбасы тұрады.
Назаровтар отбасы егіз екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр.
– Бұл бізге Тәңірдің берген сыйы деп білеміз. Егіз қыздарымыздан соң араға төрт жыл салып егіз ұлдарымыз дүние есігін ашты. Табиғаттың мұндай сыйына шексіз ризамыз, – дейді осы көшенің тұрғыны Айдос Назаров.
Әзірге ауылдағы мұндай ерекше жайттың сыры әлі ашылмаған.
Сурет lada.kz сайтынан алынды