Мемлекет басшысы: Қазақстан – дарынды жастар мекені

Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесін тойлауға қатысты комиссия отырысында мәлімдеді.

Себебі елде не жасасалса да, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.

– Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.    

Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек.

– Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысының 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі отырысқа қатысқанын хабарлағанбыз.