Түркістан облысында 10 келіге жуық марихуана тәркіленді

Түркістан облысының полицейлері есірткі тасымалдаушылардан 10 келіге жуық марихуана тәркіледі, деп хабарлады Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлескен операция барысында ірі көлемде есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау және өткізу жайтының жолын кесті. Анықталғандай, күдіктілер есірткіні Жамбыл облысынан Кентау қаласына тасымалдамақ болған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері мен Кентау ҚПБ полицейлері бірлесіп, автовокзалдардың бірінен екі күдікті адамды ұстады, олар бұрын сотты болған Жамбыл облысының және Кентау қаласының тұрғындары. Олардың біреуінің сөмкесін тінту кезінде жедел уәкілдер құрамында өсімдік тектес есірткі бар пакетті тауып алып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған есірткі тектес зат 10 кг-ға жуық «кептірілген марихуана» екені анықталды.

Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайы мен есірткі құралдарының жеткізу арналарын анықтайтын болады.