Петропавлда тұрғындар көпқабатты тұрғын үйдің салынуына қарсы шықты

Бұл жолы тұрғындар көпқабатты тұрғын үйдің салынуына қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наразы жұрттың баспанасын әкімдік қызметкерлері сатып алуы тиіс еді. Бірақ тараптар баға бойынша ортақ шешімге келе алмай отыр.

Наталья Дывактың құрылыстан зәре-құты қашады. Қоршаудың ар жағында жаңадан көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жұмысшылар бетон панельдерді таңертеңнен кешке дейін кранмен көтеріп, тура шатырдың үстінен өткізеді. Көп көршілері көшіп кеткен. Ал ол әкімдік берген бағаға келіспей отыр.

Наталья Дывак, қала тұрғыны:

– Бұл үйді 2013 жылы салдық. 65 шаршы метр. Ал мынау әкемнің үйі. Осы екеуіне 12 миллион теңге беріп отыр. Біз онымен мүлдем келіспейміз. Сондықтан ешқайда кетпей отырмыз.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Мына жерде жыл соңына дейін 17 қабатты панельді үй бой көтереді. Оның құрылысына бюджеттен 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бұл маңда 7 үй көшпей отыр. Бәрінің де өтемақыға көңілі толмайды. Әбден мезі болған жұрт шағым түсіріп, құрылысқа тоқтау салынды. Бірақ аналар сонда да қоймайтын көрінеді.  

Біржан Көшербаев, мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысының м.а:

– Құрылыс компаниясына 200 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сәуірдің 1-не дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Бірақ қаңтар айында тұрғындардан тағы да шағым түсті. Енді тағы бір тексеріс жасалады.

Ал құрылыс компаниясына 17 қабатты тұрғын үйді жыл соңына дейін салып бітіру керек. Бірақ олар қазір жұмыс істеп жатқан жоқпыз деп тұрғындардың сөзін жоққа шығарды.

Денис Рогачёв, құрылыс компаниясының директоры:

– Ұйғарым бойынша жұмыс тоқтатылды. Біз қазір құрылыс алаңына тек қана дайын болған панельдерді апарып жатырмыз. Өйткені, оларды басқа қоятын жер жоқ. Крандар тұр.

Қазір қалалық әкімдік бір үйдің иесімен мәжбүрлеп көшіру туралы соттасып жатыр. Ал қалғандары әліптің артын бағып отыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев