Алматы облысының Балқаш ауданынан «Хабар 24» редакциясына түскен шағымдар расталмады

Алматы облысының Балқаш ауданындағы орталық ауруханаға жыл сайын жөндеу жасалады.

Соған қарамастан қайтадан қалпына келтіру жұмыстарына жабылды. Пандемия кезінде жұмыс істеген дәрігерлер тиесілі ақысын да ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жөндеуге байланысты емхана бөлімі ауылдың сыртына көшірілгендіктен оған қатынау қиындады. Таксилер емханаға апарып-алып келу үшін мың теңге сұрайды. Аймақтағы тілшілерімізге осындай шағым түскен еді. Тілшіміз Ардақ Айбарұлы Бақанасқа арнайы барып, арызданған адамды таппай қайтты. Жұмыстың да кемшін тұстарын айтып, шу көтеріп жатқан ел жоқ. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Балқаш аудандық орталық ауруханасы 1986 жылы пайдалануға берілді. Содан бері бірде бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Өткен жылы 1 млрд 908 млн теңге бөлініп, ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Күлшайым Жаңбырбаева Балқаш аудандық орталық ауруханасы ашылған күннен бері осында жұмыс істеп келеді. Аурухананың шатыры жоқ. Жұмсақ жабынды төбесі әбден ескіріп-тозғандықтан, ішке су тамшылайды. Медицина қызметкерлері мұндайда әр жерден тамған тамшы астына шелек қойып әбігерге түседі. Еденге су жайылып кетсе, тоқ соғатыны бар дейді. 

Күлшайым Жаңбырбаева, хирургия бөлімінің аға мейірбикесі:

– Сол жұмыс істеген 35 жылдың ішінде бұл орталық ауруханада күрделі жұмыс жүрген жоқ. Мына кәріз жүйелері, электр жүйесіне ешқандай жөндеу жүрмеген. Төбесі шатыр жоқтығынан су ағып, осындай халге жеттік. Шалғай жатқан орталық ауруханада жоқтан бар жасап, дәрігерлер, барлық жұмыскер жұмыс атқарып жатырмыз.

Аурухана қызметкерлерінің айтқанын ауыл тұрғындары да растап отыр. Сырқаттанып, ем қабылдап жатқан Шапай Сабанбайұлы 1984 жылы басталған аудандық аурухана ғимаратының құрылысына бастан аяқ атсалысыпты.

Шапай Сабанбайұлы, Бақанас ауылының тұрғыны:

– Жөндеу жұмыстары керек. Өйткені жан-жақтан адам келеді. Біздің ауданның жалғыз ауруханасы бұл. Сондықтан үлкейту де керек шығар.

Нұрғалым Жантаев, Бақанас ауылының тұрғыны:

– Мына су құбырлары дұрыс жұмыс істемейді. Бәрі түсіп жатыр, иісі бар судың. Канализация дұрыс жұмыс істемейді. Әйтпесе бәрі жақсы. Тамағы дұрыс, дәрігерлер жақсы қарайды.

Аурухананы қайта қалпына келтіру жұмыстары басталуына орай емхана бөлімі ауыл іргесіндегі облыстық паллиативтік көмек көрсету орталығына көшіріліпті.

Дәурен Иманәлиев, Балқаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Көшкен кезде қыркүйек айында халықтың қатынауына автобус бөлінген болатын. Көлік бөлінгені туралы Балқаш өңірі газетіне де мақала шығарылған болатын, маршруты қай жерден қай жерге дейін баратыны. Одан кейін ол адамдардың болмауына байланысты автобус тоқтатылып қалды.

Шапай Сабанбайұлы, Бақанас ауылының тұрғыны:

– Жаңағы 1 мың дейді. 1 мың емес. Біздің Бақанастың ортасында жүрген таксистердің өзі бір жерге 150 теңге алады. Ары-бері жүргені 300 теңге шығар.

Пандемияның бірінші кезеңінде аудандық ауруханада 10 орындық инфекциялық және 30 кереуеттік провизорлық стационар жасақталды. Коронавирус инфекциясына қарсы күреске 16 дәрігер, 23 кіші, 65 орта буынды медицина қызметкері жұмылдырылып, оларға 53 млн теңге қосымша үстемеақы тағайындалған. 

Тілеукүл Есіркепова, қабылдау бөлімінің аға мейірбикесі:

– Көмек ақшаларды алдық, 2 рет 160 мыңнан. Санитарлар 200 мыңнан, дәрігерлер 400 мыңнан алды. Барлықтары өздерінің статустары бойынша үкіметтің бөлген ақшасын алды. Мен солай жұмыс істей жүріп пневмония боп ауырдым. Мен ойлаған да жоқпын, ондай ақша аламын деп. Екі млн ақша бөлінді маған.

Дәурен Иманәлиев, балқаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Инфекциялық стационардағы дәрігерлер мен медбикелерге 850 мыңнан ақша бөлінді. Одан кейінгі екінші кезеңде провизорлық стационарда жұмыс жасаған мейірбикелер мен дәрігерлерге 212 мың теңгеден, дәрігерлерге 425 мың теңгеден, сүзгіде істейтін мейірбикелерге де сондай ақша қарастырылған болатын. 

Көріп отырғанымыздай, редакциямызға келіп түскен «үшбу хатта» жазылған деректер расталмады. Ал оны кім ұйымдастырғаны жұмбақ. Себебі алдымыздан шығып, «жүріңіздер, бірге барып көрейік. Біздегі жағдай былай болып жатыр» деген ешкім болмады. Әдеп жөніндегі уәкіл мен «Жетісу адалдық алаңындағылар» ара-тұра мұндай хаттармен де жұмыс істеуге тура келетінін айтады.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов