Атыраулық кәсіпкерлер бас санитарлық дәрігердің қаулысымен келіспей отыр

Олар қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартуды сұрап отыр.

Өйткені шығын көбейіп барады. Мұнайлы өңір эпидемиологиялық ахуал бойынша «қызыл аймақ» пен «сары аймақтың» арасын алтын көпір қылғалы кәсіпкерлер қиындық көріп отыр. Себебі қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орындары шектеу шеңберінде қызмет атқарып келеді. Бұрын түнгі 12-ге дейін келушілерге қызмет көрсетсе, қазір кешкі 8 болмай жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Ал бұл кәсіпкерлердің кірісін азайтып, шығынға батырып отыр.

Батыр Мұратов, мейрамхана супервайзері:

- Жаңа қаулыға сәйкес, біз кешкі 8-ге дейін жұмыс істейміз. Ал тұрғындар 6-да ғана жұмыстан босайды. Олар дайындалып бізге келгенше, 1 сағат уақыт өтеді. Ал келгеннен кейін олар жөнді демалып, отыра да алмайды. Бұл жағдай кәсіпкерлермен қоса, тұрғындардың да шамына тиіп отыр.

Қауіпті індеттің ілмегіне іліккелі кәсіпкерлердің қақпағаны есігі, бармаған жері қалмапты. Бірақ құлақ асар ешкім жоқ дейді олар. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысы оларды тіпті тығырыққа тіреген.

Айбар Жаниязов, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы:

- Кәсіпкерлер тарапынан жазбаша өтініштер болды. Алайда оны ескерген ешкім жоқ. Сол себепті кәсіпкерлердің басын қосып, осы мәселенің шешімін табу үшін жауаптылармен кездесуге келдік. Шынын айтайық, соңғы қаулы біздің кәсібімізді құрдымға жібергелі тұр.

Вероника Нұрпейісова, қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Егер қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартса, шыққан шығынды да кезең-кезеңімен жабуға мүмкіндік туады. Қазір кәсіпкерлердің қарызы 5 миллионнан жоғары. Біздің жалға алып отырған ғимарат үшін коммуналдық төлем үшін шығатын шығынды қазіргі кірісіміз жаппайды.

Бұл жағдайдың жай-жапсарын кәсіпкерлердің шағымын тыңдауға келген жауаптылардан да сұрап көрдік. Алайда қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыт ұзарту өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тікелей байланысты екен. Егер соңғы аптада эпидахуал тұрақталса, кәсіп иелерінің де өтініші орындалмақ.

Мәдениет Танауов, облыстың бас санитарлық дәрігері:

- Қазақстан бойынша уақыты «қызыл аймақ», «сары аймақ», «жасыл аймақ» өзгертіліп отырады. Мына жағдайға келетін болсақ, қазіргі таңда осы жұманың аяғына дейін эпидемиологиялық ахуалды қараймыз. Содан кейін шешім қабылданатын болады. Уақытын созу, шектеу шараларын қысқарту жөнінде шешім қабылданатын болады. «Сары аймақты» тұрақты болса, 24:00-ге уақыты өзгертіледі.

Десе де, сақтық шараларын назарға алмайтындар жоқ емес. Өткен аптаның демалыс күндері 20-ға жуық мейрамхана карантин талаптарын бұзған. Жинақталған іс-құжаттар жауапты мекемелерге жолданыпты.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин