Елордада апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді

Елордада апатты деп танылған жатақханада ұзақ жыл тұрған ондаған отбасы жаңа пәтерлерге көшірілді. Ал өткен ғасырдың ортасында салынған ғимарат жуық арада сүрілмек. Бас қаланың әкімдігі жыл соңына дейін тағы бірнеше үйдің тұрғындары жаңа баспанаға ие болады дейді.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бұл Янушкевич көшесінің бойында орналасқан 5 қабатты тұрғын үй. Бұл нысанды біз 2018, 2020 жылдары келіп түсірген едік. Әкімдіктің мәліметінше, әбден ескірген тұрғын үй былтыр бұзылуы тиіс еді. Алайда әлі сол күйі тұр. Тағы бір назар аударатын жайт, осыдан бірнеше ай бұрын мұнда тіршілік қайнап жатса, қазір бірнеше есікке құлып салынғанын байқауға болады. 

1962 жылы салынған нысан сол күйі тұрғанымен ондағы тұрғындардың алды жаңа пәтерлерге көшіріліпті. Енді олардың жаңа мекен-жайы Қошқарбаев пен Қордай көшелерінің қиылысы. Дегенмен, іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған ескі үйден жаңа баспанаға қоныс аударуға асыққан әлі оннан астам отбасы бар. Олар да жүгін жинап, дайын отыр. Қанат Рахымғұловтың айтуынша, ол бұл күнді 2017 жылдан бері күтіпті.  

Қанат Рахымғұлов, қала тұрғыны:

- Төрт жыл болды тұрғаныма. Жаңа үй берді әкімшілік. Үй жаман емес, жақсы. Ақырындап ремонт істеп, көшейін деп жатырмыз. 1, 2-подьезд, бәрі алды. Жатақхана бәрі өшті. Білетіндер ана жаққа кетіп, риза болып жатыр.

Янушкевич көшесіндегі жатақхана апатты жағдайдағы нысандардың тізімінде. Ондағы тұрғындар көшірілетін жаңа үйдің құрылысы желтоқсанда аяқталғандықтан сүру жұмыстары бір жылға кешеуілдепті. Әкімдік өкілінің айтуынша, жақында мемлекеттік сатып алуға қатысты байқау жарияланды. Мердігер мекеме анықталған соң бұзу жұмыстары басталады. Жалпы биыл апатты жағдайдағы немесе әбден ескірген тағы 4 үйдің тұрғындары көшіріледі.       

Төлеген Ахметов, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Жыл соңына дейін Янушкевич көшесіндегі жатақхана тұрғындарын жаңа үйге көшіру жоспарда бар. Сарыарқа ауданындағы тағы 3 үй сүріледі. Олар Тоқпанов, Алтын Емел және Жангелдин көшелерінде орналасқан. 

Бұдан бөлек 2022 жылы тағы 16 үйді бұзып, олардың орнына жаңасын салу жоспарланған. Жалпы бұл жұмыстар 2018-2022 жылдарға арналған апатты және ескі ғимараттарды сүру бағдарламасының екінші кезеңі аясында жүзеге асып жатыр.

Төлеген Ахметов, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Аудан әкімдерінің өтініші мен тұрғындардың шағымына сәйкес біздің басқарма техникалық зерттеу жүргізеді. Егер үйдің 60 проценттен астамы ескірсе немесе зақымданса ведомствоаралық комиссиясының талқысына шығарылады. Егер комиссия нысанды апатты деп таныса, аудан әкімдіктері оны сүрілетін ғимараттардың тізіміне енгізу жөнінде өтініш жазады. 

Әкімдік өкілінің айтуыынша, бұл бағдарлама 2023 жылы да жалғасады. Ал оған дейін аудан әкімдіктері ескірген немесе апатты жағдайдағы нысандардың тізімін әзірлеуі тиіс.

Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Қарақойшиев, Наурыз Базаров