Шымкентте ғасырлық ғұмыр кешкен әжейдің жүрегіне операция жасалды

Шымкенттің дәрігерлері бір ғасырдың куәгері болған Варвара Толоконникованың жүрегіне операция жасады.

Кардиолог дәрігерлер мұндай қадамға алғаш рет барғанын айтады. Биыл 101 жасқа толған қария қаладағы кардиологиялық орталыққа жедел жәрдеммен түскен. Бастапқыда науқас көзі қарауытып, басы айналуына шағымданған. Сондай-ақ денесінде әлсіздік пайда болыпты. Дәрігер науқасқа жүректің созылмалы жеткіліксіздігі диагнозын қойып, шұғыл жағдайда операцияға алған. Білікті аритмологтардың дәнекер болуымен кейуананың беті бері қарады. Қазір Варвара әже палатаға шығарылды. Соғыс кезінде тылдағы авиация зауытында жұмыс істеген ол, ешқашан денсаулығына шағымданбаған.

«Ең бастысы диетаны ұстандым», - дейді ғасыр куәгері.

Варвара Толоконникова, қала тұрғыны:

- Үйдегілер жағдайымды көріп, жедел жәрдем шақырды. Мені осы жерге алып келді.  Операцияны кеше түнде жасады. Мен дәрігерлер мен  медбикелерге де алғыс айтамын. Маған жақсы қарап жатыр.

Берик Есенбеков, врач-аритмолог: 

- Науқастың жағдайы бастапқыда ауыр болды. Денсаулығына байланысты бұл операцияны жедел түрде жасадық. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы. Біз оны палатаға ауыстырдық. Өзін жақсы сезінеді.