Қызылордалық полицейлер Байқоңырдағы тәртіпті ресейлік әріптестерімен бірлесіп қадағалайды

Қызылордалық полицейлер аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда ресейлік әріптестерімен тізе қосып қызмет атқармақ. Қылмыскерлерді ұстау, екі ел азаматтарының құқығын қорғау бағытында ортақ іс-қимыл жоспарын бекіту үшін Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылық құрамы Байқоңырға барды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткі айналымы, терроризм, заңсыз көші-қон үдерісі мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуде тиімді әріптестіктен ұтарымыз көп деп отыр.

Жалпы ғарыш айлағында қылмыс деңгейі төмендеген. 80 мыңдай тұрғыны бар Байқоңыр мен 17 мыңға жуық халық қоныстанған Ақай мен Төретам ауылында құқық бұзушылық 60%-ке азайды. Бұрынғыдай топтық төбелес пен жасөспірімдердің бұзақылығы көп бола бермейтіні қуантады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Байқоңырдағы өкілдігінің жедел кеңесінде айтылды. Көрсеткіштердің жақсаруы өзара тиімді әрекеттің арқасы. Мәліметтер базасын ортақ пайдаланып, бірлескен тактикалық шараның нәтижесінде қылмыстардың ашылу деңгейі 86%-ті құрап отыр. Енді әріптестікті одан әрі нығайту қажет. Бұл мақсатта жаңа бағыттар енгізілген келісім құжатына қол қойылды.             

Бектөре Сұлтан, облыстық полиция департаментінің бастығы:

- Қылмыс ұлтқа, елге бөлінбейді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – қоғамдық тұрақтылықтың негізгі кепілі. Сондықтан өзге өңірлерден ерекшелігі көп Қызылорда облысы үшін заң бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзара байланыстың маңызы зор.

Алексей Кузьмин, РФ ІІМ «Байқоңыр» кешеніндегі басқарма бастығы:

- «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші барлық қылмыс түрінің төмендеуіне қол жеткіздік. Қылмыскерлерді ұстауға әрдайым қол созатын қазақстандық әріптестерімізге алғысымыз шексіз.

Ортақ бағдарламаны іске асыру бағытында кешенді стратегиялық және тактикалық шаралар жүзеге асады. Әсіресе заңсыз миграцияны тоқтату, жасырынған ұры-қарыны ұстау және көліктерді тіркеу тәртібін жетілдіру жайы маңызды. Қос тараптық жоспар аясында өңірдегі криминалдық ахуалды жақсарта түсу - басты меже.

Константин  Бусыгин, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы:

- Ғарыш қақпасы саналатын мұндай қала әлемде жоқ. Сондықтан шаһарда кәсіпкерлік дамып, өркендеп, туристер саны артуы үшін қолайлы орта жасауымыз керек. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы әкімдігімен ортақ жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Ал тұрғындардың жайлы, тыныш өмір сүруін қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларына артылатын жүк ауыр.

Жедел кеңесте жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеудің жайы да сөз болды. Одан бөлек коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген полиция қызметкерлерінің қажетті санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын күшейту мәселесі де қозғалды. 

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев