Алматыда адам өмірін жалмаған өрттің басым бөлігі саяжайда болған

Алматы облысында соңғы бір айда 9 адам өрттен қаза тапты. Қайғылы оқиғаның көбі саяжайларда болған. Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, еріктілер және өзге де сала мамандары бірлесіп қала сыртындағы елді мекенді аралады. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшаларды таратты.

- Бірінші өрт осыдан шығуы мүмкін. Әне ана ар жағында коробка. Бірінің үстіне бірін қоса берген. Ол болмайды.

Үйтас саяжайындағы мына үйдің электр тоғы босап, жалғанған жері балқи бастаған. Қауіптілігін байқаған мамандар оны арнайы құрылғымен бекітіп ретке келтіріп берді. 

Қайролла Отарбайұлы, электр маманы:

- Бұл не жағдай болса да өртенбейді. Өйткені қысылып тұр. Мына проводтың өзі балқыған кезде түк болмайды. Өйткені ар жағында автомат защитасы бар. Бұл нағыз сенімді. Бұл 25-30 Амперге дейін шыдайды.

Асылтас Қасқырбаева, Үйтас саяжайының тұрғыны:

- Біз квартирантпыз ғой. Біз білмейміз. Электрик емеспіз. Не қалай жасалғанын. Әйтеуір свет бар, ма бар. Енді қожайынға айтып, уыстыртып аламыз.

Ал мына үйде сақтық шараларына мүлдем көңіл бөлінбепті. Пештің сырты құмсылақпен сыланбаған. Түтін шығатын құдықта жарықшақтардың пайда болғаны көрер көзге көрініп тұр.

- Қысқаша айтқанда, мына пешті қайтадан дұрыстап басынан жаңасын салу керек. Түтін артқа қайтпау үшін мұржасын тазалап, соны бақылауға алыңыз.

- Сделаем.

Баспанасын көмір жағып жылытатындар пештің құдығы мен мұржасын екі айда бір рет тазалауы тиіс. Күл шығаратын жерге 70 те 50 сантиметрлік қаңылтыр салынуы қажет. Тез тұтанатын заттарды да аулақ қойған жөн. Сала мамандары жаздан бері 270 мыңнан аса үйге барып сақтық шараларын түсіндірген.  

Ерлан Ахашов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- 15 мың үйдің мөлшерінде кемшілік анықталған. Оның 12 мыңдай кемшілік орнында жойылып, қазіргі таңда 3 мыңдайы қалып тұр. Олар жасалуда.

Жыл басынан бері төтенше жағдай қызметкерлері 90 рет өрт сөндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Осыған байланысты сала мамандары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді.  

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев