Екібастұзтық үш жарым мың отбасы баспаналы болады

Бұл - алдағы үш жылға межеленген жоспар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шағын шаһарда екі бірдей аудан бой көтеруде. Нәтижесінде кеншілер мен энергетиктер өңірінде 13 көпқабатты үй салынып, 12 баспана қайта жөнделді.

Екібастұз өңіріндегі Солнечный кентінің алты мың тұрғыны бар. Бүгінде барлығы дерлік тұрғын үймен қамтылған. Елді мекендегі мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ибрагим Мүсәпіров алты жыл бойы кезекте тұрыпты. Жуырда үш бөлмелі пәтерге ие болды.

Ибрагим Мүсәпіров, Солнечный кентінің тұрғыны

– Жұмыс істеймін, осында көшіп келдік. Сол уақыттан бастап кезекте тұрдық. Бұған дейін жалдап та тұрдық. Қазір өзіміздің шаңырағымыз бар.

Қазіргі уақытта небары 50 азамат пәтер кезегінде тұр. Өткен жылы қаңырап жатқан екі бірдей көпқабатты нысан қалыпқа келтірілген. 150-ге жуық жанұя баспаналы болды. Нәтижесінде кезек 70%-ке азайды. Кентте қаңқасы ғана қалған осындай тағы екі үй бар.

Нұрберген Сейілханов, Солнечный кентінің әкімі:

- Бос пәтерлерді қарап, жұмыстар жүргізіп, кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бізде көпқабатты 28 үй, 28 үйден әр пәтерді іріктеп, мемлекеттің меншігіндегі үйлерді іріктеп, оның ішінде жөндеу жұмыстарын қарастырып, кезекте тұрған адамдарға беріледі.

Кент тұрғындарының дені - энергетиктер. Көбі жергілікті электр станциясының жұмыскерлері. Өндіріске қажет мамандықтардың тұрақтап қалу үшін жұмыскерлерге деген қолдау зор. Кәсіпорында жас мамандардың үлесі басым.

Гүлжанат Мәкішева, жөндеу жөніндегі инженер:

- Жас мамандар өте көп өндірісте. Кәсіпорыннан жастарға қолдау көрсетілуде. Жұмыстар беріледі немесе жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі. Желтоқсан айында жастарға үй берілген.

Екібастұзда жаппай тұрғын үй құрылысы соңғы екі жылда қарқын алды. Биыл екі бірдей шағын ауданның құрылысы аяқталуға жақын. Өткен жылы мыңға жуық пәтер қолданысқа берілсе, осы жылы сегіз көпқабатты үй салынады.

Ерсайын Аушәкімов, Екібастұз қалалық құрылыс бөлімі басшысының м.а:

– 2020, 2021, 2023 жылдың жоспарлары бар. Оның ішінде 17 көпқабатты үйге жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап жатырмыз. Онда 1332 пәтерге арналған. Құжаттар дайын болғаннан кейін бюджеттік өтінімді республикалық бюджетке тапсырамыз. Қаржыландыру болып жатса, 2022 жылы бастап, 11 үй, қалған алты үйді 2023 жылы жалғастыруды жоспарлаудамыз.

Шағын қаланың кәсіби әлеуеті жоғары. Өндірістік өлкеде энергетика, тау-кен салаларының білікті мамандары шоғырланған. Бұл потенциалды сақтап, осыған дейін жинақталған кадрлық әлеуетті жоғалтуға жол бермеу керек. Бүгінде салаға қажетті мамандар сырттан келмейді, барлығы жергілікті оқу орындарында даярланады.

Ришат Әміренов, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты байқаушы кеңесінің мүшесі:

- Бізде техникалық сала, көмір саласы, энергетика саласы болсын осында білім алуға өте тиімді, қажетті. Алысқа бармай-ақ, осы институтта менің екі ұлым, екі қызым, екі күйеу балам да оқыды. Міне, алысқа бармай-ақ, өзіммен бірге кен орнында жұмыс істеп жатыр.

Мәселе жергілікті биліктің басты назарында. Мамандар кетпес үшін өндірістік өлкенің кадрлық әлеуетін жоғалтып алмау үшін мамандарды пәтермен қамту, қолдау көрсету. Қазіргі уақытта Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясын әзірлеуге дайындық басталды. Тиісті құжатты дайындау үшін алдымен зерттеу жасалады. Кейін нақты жоспар түзіледі. Кадрлық әлеуетті сақтау да – стратегиялық мақсаттардың бірі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков