Петропавлда мыңға жуық адамға вакцина салынды

Солтүстік Қазақстан облысында вакциналау науқаны қыза түсті. Өңірде бірінші кезеңде 1200 адамға екпе қою жоспарланған. Бүгінгі күні оның 900-ден астамы ерікті түрде ине салдырды. Бұл шамамен 80 процентті құрап отыр.

Аталған жұмыстар барлық аудандарда жүргізіліп жатыр. Ол үшін аймақта 19 екпе жасату пункті жасақталды. Енді 22 ақпаннан бастап, бұл медицина қызметкерлеріне вакцинаның екінші компоненті қойылатын болады. Жалпы денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуы бойынша облыста эпедемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Алдыңғы апталармен салыстырғанда стационарларға түсетін науқастардың саны екі есеге дейін азайған. Қазір 22 адамның жағдайы аса ауыр. Қауіпті кеселден 42 азамат қайтыс болды.

Гүлнәр Қалиева, облыстық  денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі таңда 945 адам вакцина алып үлгерді. Оның басым бөлігі медицина саласының мамандары. Және де санитариялық қызметтің қызметкерлері болып саналады. Қазіргі кезде ешбір ауытқушылар жоқ. Мына екпе алған адамдар қатарынан дәрігерлерге шағымданғандар жоқ. Тек ғана болды, температурасы көтеріліп, шамалы әлсіздік сезіну. Бұл жалпы вакцина алғаннан кейінгі реакциялар. Дәл мына «Спутник V»-ға қарсы  реакциялар тіркелген жоқ.