419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арал теңізі маңындағы ауылдарға 30 жылдан бері жол салынғалы жатыр

  • 205
  • UPD: 20:56, 07.02.2021

Қызылорда облысында шалғай елді мекендерге қатынайтын жөні түзу жол жоқ. Қыс түсіп, қар жауса, ауылдармен қатынас үзіледі. Арал теңізі маңында қоныс тепкен тұрғындар жер аяғы кеңігенше орталықпен байланыссыз қалады. Биыл ауылдарға апаратын жол салуға баса мән беріледі. Шенеуніктер осылай деді. Мысалы, Қазалыда жүздеген шақырымға асфальт төселеді. Аудан орталығындағы 15 көшені жөндеу де жоспарда бар. 

Жол азабын жүрген білер. Қожабақы, Бозкөл ауылының тұрғындары үшін аудан орталығы түгіл іргелес елді мекендерге қатынаудың өзі мұң еді. Иленген саз балшықта сағаттап батып қалу хикаясы көлік тізгіндегеннің бәрінің басынан өткен. Кеңес дәуірінде кеңшар құрылғалы көтерілген мәселе енді шешімін тапқандай. Асфальт салынбаса да тас төселіп, батпақты сүрлеудің беті жабылды.

Жеңіс Өтепбергенов, Бозкөл ауылының тұрғыны:

- Жол азабы өте қиын еді. Екі орта 30-ақ шақырым. Соған 1 жарым сағат жүреміз. Кейде арғы беттен көлік шақыртып, сүйретіп барған күндер болды. Енді мына шығыс бетімізде Отгон, Лақалы деген аумақ бар. Ол екі ортаның жолында бір күндеп жатқан кездер болды. Көлікпен қатынау қиын еді. Қазір тас төселіп, емін-еркін 15-20 минутта барып тұрмыз.

Алмасбек Ізмамбетов, Бозкөл ауылының тұрғыны:

- Отгон, Лақалының жолына 2-3 жыл болды тас төселген. Ауыл аралас, қой қоралас. Сондықтан ол жақпен де барғымыз келеді. Соған көмек жасалса, қара май төселсе, болмаса жылына бір рет грейдермен тегістетіп берсе. 

Аудан орталығы мен Кәукей ауылының арасын жалғайтын 160 шақырымдық мына жолдың салынып жатқанына 3 жыл болды. 2019 жылы 62, былтыр 65 шақырымы салынды. Қалған бөлігі биылғы жылдың еншісіне қалып отыр.

Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Ол қомақты қаражат. Былтырдың өзінде 2,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Биыл 1,5 млрд теңге қаралып жатыр. Жыл аяғына дейін біз толыққанды осы жолдарды бітіруіміз керек. Осыдан 3 жыл бұрын қанағаттанарлық жақсы жолдар 66% болған. Қазіргі таңда 75,5%. Егер де мына жұмыстарды толық бітірген кезде 87% жетеміз деген меже бар. 

Басықара мен Абай елді мекенінің арасы небәрі 20 шақырым. Бірақ жету қиын. Қос ауылды жалғайтын жолды жөндеуге қажет 306 миллион теңге аудан қазынасына ауырлық қылады әрине. Сондықтан ол қаржы облыстық бюджеттен сұралып отыр.  

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы