ШҚО мен Павлодар облысының аумағында қылмыстық топ ұсталды

ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тағы бір ұйымдасқан топтың жолы кесілді.

ҚР ҚМА ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан, құрамында 5 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергеуді аяқтады.

Тексеру барысында ұйымдасқан топтың басшылары 2018-2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атына 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталды.

Шындығында кәсіпорындар ұйымдасқан қылмыстық топ бақылауында болып, олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан.

Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында кәсіпорындардың тіркелу орындары мен фигуранттардың мекенжайларына тінту жүргізу барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары, 9 миллион теңге ақша қаражаты алынды.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР ҚК 262 бабы 1-б. және 216 бабының, 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Жалпы 2020 жылы департамент осындай қылмыспен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.

Ақпарат көзі: ҚР ҚМА баспасөз қызметі