Қай өңірдің тұрғындары жоғары жалақы алады

2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 14,3% жылдық өсімді көрсетіп, 233,1 мың теңгеге жетті.

2019 жылдың осы кезеңінде орташа айлық жалақы 203,9 мың теңгені құрады, деп хабарлады finprom.kz.

Өңірлер бойынша жоғары мөлшердегі орташа айлық жалақы дәстүрлі түрде Атырау облысында: 377,4 мың теңге – республикалық орташа деңгейден 61,9% артық. Орташа айлық жалақы мөлшері жоғары ТОП-3 аймаққа ел астанасы (349,6 мың теңге) және Маңғыстау облысы (337,7 мың теңге) кірді.

Орташа айлық жалақының ең төмен мөлшері Түркістан (166,7 мың теңге), Жамбыл (168,8 мың теңге) және Солтүстік Қазақстан (168,9 мың теңге) облыстарының тұрғындарына тиесілі.

Әртүрлі қызмет саласында жұмыс істейтін жұмысшылар жалақысының арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.

Мысалы, орташа айлық жалақының жоғары мөлшері тау-кен өнеркәсібінде (472,3 мың теңге), сондай-ақ қаржылық және сақтандыру қызметі саласында (422,6 мың теңге) байқалады. Сонымен бірге ең төменгі орташа айлық жалақы сумен жабдықтау саласында (145,7 мың теңге) және ауыл шаруашылығында (147,7 мың теңге) тіркелді.

Өз кезегінде, білім беру саласында орташа айлық жалақы 176,5 мың теңгені құрады (республикалық деңгейден 24,3% төмен), денсаулық сақтау саласында – 197,4 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 15,3% төмен).