Елордалықтардың шотынан ақшалай қаражатты ұрлаған алаяқ ұсталды

Елорданың төрт тұрғыны банк карталарынан ақша жымқырылғаны туралы полицияға арызбен жүгінген.

Қазіргі кезде ақпараттық жүйеге заңсыз кіру жолымен ұрлық жасаудың барлық фактілері бойынша ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Жәбірленушілердің айтуынша, 2020 жылы несие алу үшін банктерге барған. Алайда түрлі себептермен банктер оларға несие беруден бас тартқан. Несиені алу мақсатында азаматтар интернет-сайттар арқылы өздерінің қаржылық проблемаларын шешуге тырысқан, бірақ алаяққа тап болған. Аталған сайттарда оларға жеке деректерін, ЖСН, банк картасын, СVV-кодын көрсете отырып, анкетаны толтыру ұсынылған.

Нұр-Сұлтан қ. ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық реквизиттерді толтырғаннан кейін жәбірленушілер келісім үшін ақпараттың өңделуін күткен. Бірақ олар сайттың жалған екенін және несие беруге ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы күдіктенбеген. Азаматтардың барлық дербес деректері алаяқтың қолына түскеннен кейін ол интернет арқылы банк карталарынан ақшаларын жымқырған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бұрын осы секілді қылмыстары үшін жауапқа тартылған қаланың 24 жастағы тұрғыны ұсталды.

Полиция департаменті елорда тұрғындарына банк карталарының реквизиттерін, СVV- кодын, СМС-парольдерді бөтен адамдарға бермеуді ұсынады. Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, дербес деректерді сұрамайды. Осы секілді жағдайларда тез арада банкке хабарласып, картаны бұғаттау керек. Содан кейін полицияға хабарлау қажет.