Зейнеткерлік жасты төмендету туралы ақпарат – жалған

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жастың өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнеткерлік жас – 63 жас, әйелдер үшін бүгінгі таңда – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады.

Бүгінгі күні республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты болып келеді.

Ынтымақты зейнетақылар жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі ескеріледі.

Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады).

Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-інен 100%-іне дейінгі мөлшерде беріледі. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Қартайғанда сәйкес зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018-2027 жылдар аралығында әйелдер үшін зейнетке шығу жасын жыл сайын 6 айға біртіндеп арттыру көзделген.

Бұл ретте қазіргі уақытта зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге құқығы бар әйелдерге зейнеткерлік жасты көтерудің қатысы жоқ, олар:

– 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;

– Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жас.

Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың жас балаларын бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі деген жеңілдік сақталған.

Сонымен қатар азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетіне құқықты (зейнетақы жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алу құқығын) пайдалана алады. 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетіліп, 45 жасқа толғаннан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 52 жастан басталады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан жүргізіледі. Осы өзгерістерге, сондай-ақ ай сайынғы аннуитеттік төлемдердің ең төменгі мөлшерінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-іне дейін төмендеуіне байланысты (бұрын аннуитеттік төлемдер ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауға тиіс еді) зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу БЖЗҚ салымшыларының көпшілігі үшін қолжетімді болды. Осылайша, сарапшылардың бағалауы бойынша 40 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін БЖЗҚ-дағы жинақтардың ең аз жеткіліктілік сомасы шамамен 7,5 млн теңгені құрайды.

Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген. ҚР-дағы зейнеткерлік жас халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді.

Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды.

Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуды сұраймыз. Жалған ақпаратты тарату заң бойынша жазаланатынын еске саламыз.